Еліміздің қаржы нарығында жаңа бастама қызу пікірталас тудырып отыр. Әңгіме жүйе құраушы банктерді құтқаруға арналған жаңа схема туралы. Жаңа заң жобасына сәйкес, барлық екінші деңгейлі банктер мемлекет шығынын жабу үшін міндетті аударым жасауы керек. Яғни, егер жүйелік маңызы бар банк дағдарысқа ұшыраса, оны қайта аяққа тұрғызу үшін шығынды мемлекет емес, басқа банктердің қаражаты есебінен жабу көзделген, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Бір қарағанда бұл жүйе қаржы тұрақтылығын сақтаудың бір тетігі болып көрінуі мүмкін. Бірақ сарапшылар мен қаржы мамандары бұл тәсілдің астарында өте қауіпті тәуекелдер барын айтып, дабыл қағуда.
Экономист Тимур Айсаутовтың пікірінше, бұл механизм акционерлердің жауапкершілігін әлсіретіп, қате басқарудың салдарын жасыруға мүмкіндік береді.
Яғни, банк иелері тәуекелге бел буып, қажет болса активтерін сыртқа шығарып, ақыры мемлекет пен басқа банктердің ақшасына сүйенуі мүмкін. Бұл бәсекелестікті емес, «ұжымдық жауапсыздықты» тудыруы ықтимал.
Ал сарапшы Жанат Нұрғалиевтің ойынша, қаржы саласын реттеуші орган – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолында қазірдің өзінде барлық қажетті құралдар бар. Олар арқылы банктердің жағдайын бақылап, ерте араласуға болады.
Демек, жаңа схема акционерлердің де, регулятордың да жауапкершілігін әлсіретіп, «қателік жасасаң да құтқарамыз» деген ойды қалыптастырады.
Осы орайда банктердің өздері де алаңдаулы. «Еуразиялық банк» жетекшісі Ләззат Сатиева құтқару шаралары ең алдымен акционерлердің мойнында болуы тиіс екенін ашық айтты.
Ал «Халық банкінің» басшысы Үміт Шаяхметова, керісінше, реттеуші орган банкроттыққа жол берсе, онда жауапкершілікті де өзі арқалауы керек дейді. Бұл пікірлердің бәрі қоғамдағы үлкен сұрақты қозғайды: қаржы саласындағы әділдік пен тәртіпті кім қамтамасыз етуге тиіс?
Қарапайым халық үшін басты мәселе – салымшылардың ақшасы. Бұл тұрғыда депозиттер мемлекет тарапынан қорғалған, арнайы қор жұмыс істейді.
Яғни, банк күйресе де, халықтың қаражаты сақталуы тиіс. Бірақ қаржы жүйесіне сенім тек заңмен емес, әділдікпен нығаяды. Егер банкирлер мен реттеушілер өз қателіктері үшін жауап бермей, шығынды басқа біреудің қалтасынан өтеп отыратын болса, бұл экономикалық емес, моральдық тәуекелге айналады.
Қазақстанның қаржы жүйесі үшін мұндай шешімнің салдары терең болуы мүмкін. Қаржы нарығы тек пайда емес, сенімге де негізделеді. Сол сенім жоғалса, салымшылар да, инвесторлар да бет бұрмайды. Сондықтан мәселе тек банктерді құтқару емес, қаржы жүйесінің әділеттілігі мен тұрақтылығын сақтауда жатыр.