Еліміздегі екінші деңгейлі банктердің табыстылығы төмендеп барады. Қаңтар-ақпан айларында банктердің капитал рентабельділігі 23,6%-ға дейін азайған. Былтыр дәл осы кезеңде бұл көрсеткіш 33,6% деңгейінде болған деп хабарлайды Ertenmedia.kz Halyk Finance сарапшыларының талдауына сүйеніп.
Ақпан айында банктердің несие портфелі жалпы өсім көрсеткенімен, бұл бағыттағы динамика біркелкі емес. Корпоративтік сектордағы несие көлемі айлық көрсеткіште 0,2%-ға өскен (бір жыл бұрынғы өсім – 0,1%), ал бөлшек несиелеу өсімі 0,5%-ды құрап, былтырғы 1,6%-бен салыстырғанда біршама бәсеңдеген.
Сондай-ақ, корпоративтік несие бойынша орташа пайыздық мөлшерлеме ақпанда 17,2%-дан 18,2%-ға дейін көтерілді. Ал халыққа арналған несиелердің мөлшерлемесі керісінше төмендеп, 20,8%-дан 19,8%-ға дейін түсті.
Тоқсан күннен астам уақыт бойы өтелмеген проблемалы несиелердің үлесі де аздап өсті.
Жалпы алғанда, коммерциялық банктердің активтері қаңтармен салыстырғанда 0,1%-ға төмендеген. Активтердің төмендеуіне негізінен өтімді қаражаттың қысқаруы мен құнды қағаздар портфелінің өсуі әсер еткен.
Ақпанда көптеген банктердің таза табысы айлық және жылдық көрсеткіш бойынша да азайған. Сарапшылар мұны Ұлттық банктің минималды резервтік талаптарды кезең-кезеңімен арттыруымен (2026 жылдың күзіне дейін жалғасады), корпоративтік табыс салығының 20-дан 25%-ға дейін көтерілуімен және маусымдық факторлармен байланыстырып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







