Депутаты Ермұрат Бапи отандық өндірушілерді Еуразиялық одақтың талаптарынан қорғауды талап етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ол Премьер-министр Олжас Бектеновке үндеу жасап, шетелдік тауарлардың ешбір кедергісіз енуі салдарынан отандық бизнестің тынысы тарылып бара жатқанын жеткізді.
Депутаттың айтуынша, шетелдік өндірушілерге салық пен баждан босатылған жол ашық болса, отандық кәсіпкерлердің қол-аяғы ЕАЭО-ның теңсіз шарттарымен байлаулы тұр.
«Біздің бизнестің ең басты жауы Еуразиялық одақтың өзімізге тиімсіз әрі озбыр талаптары. Сыртқы саясатқа қарап отырған Үкімет мұны ашық айтуға батылы жетпей отыр. Сондықтан бұл мәселені депутаттар көтеруі тиіс. ЕАЭО-мен жасалған келісімдердің бәрін болмаса да, белгілі бір тұстарын қайта қарап, өзгеріс енгізетін уақыт жетті. Одан әрі кешіксек, отандық кәсіпкерлердің күні қараң болмақ», — дейді депутат Ермұрат Бапи.
Бапи егер Үкімет бұл мәселеде қауқарсыз болса, депутаттар көмектесуге дайын деп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

