Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Астанада қаза тапқан бұрынғы шенеунік Ержан Бабақұмаров туралы пікір білдірді деп жазады Ertenmedia.
Оның айтуынша, марқұм мемлекеттік мүддеге адал азамат болған.
«Ержанды жақсы танитынмын. Оның мемлекетшілдігі мен халыққа деген адалдығын көрдім. 2022 жылдың қаңтарында басқа басшылардай Алматыны тастап кетпей, күштік құрылымдармен келісімге бармады», – дейді депутат.
Бапи Бабақұмаровтың Қаңтар оқиғасынан кейін «Қаңтардың ақиқаты» атты деректі фильм түсіруге мұрындық болғанын да еске алды. Бірақ фильмнің кейінгі тағдыры белгісіз күйінде қалған.
«Егер ол расында Мәсімовтың адамы болса, Қаңтар ақиқаты туралы фильм түсірер ме еді?», – дейді ол.
Сонымен бірге депутат Бабақұмаровпен қоштасу рәсімі елеусіз, қарапайым өткеніне таңданысын жасырмады.
«30 жыл мемлекетке адал қызмет еткен адамды ақтық сапарға шығарып салуға неге ресми комиссия құрылмады? Неліктен Астанадан бірде-бір лауазымды тұлға анасына, алты баламен қалған жарына ресми көңіл айтпады? Мұның артында құпия өлімге қатысты құйтырқы әрекеттер тұрған жоқ па? Әйтеуір бір нәрсені сеземін, Ержан ескі Қазақстанның құрбаны болды», – деп жазды Бапи.
Еске сала кетейік, 56 жастағы Бабақұмаров жақын таныстарымен бас қосып отырған кеште кикілжің туып, арты төбелеске ұласқан. Дене жарақатын алған ол оқиға орнында жан тапсырған. Полиция күдіктіні ұстағанын хабарлады.
90-жылдары Алматы әкімдігінен қызметін бастаған Бабақұмаров президент әкімшілігінде ішкі саясат бағытына жауап берді, экс-елбасы Назарбаевтың тұсында ақпараттық орталықты басқарды. Кейін Мәдениет министрінің орынбасары болып тағайындалып, Кәрім Мәсімовтың үкіметінде Премьер-министр кеңсесінде жұмыс істеді.
2019 жылы Тоқаевтың төңірегіне келіп, уәзірі атанды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейін Алматы әкімінің орынбасары қызметін атқарып, Бақытжан Сағынтаевпен бірге орнынан кетті. Соңғы атқарған қызметі Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры болатын.
Қаңтар оқиғасынан кейін көпшілік назарына ілікпей кеткен ол осы көктемде ғана саяси сарапшы ретінде сұхбат беріп, қоғамдық өмірде қайта көріне бастаған еді.
Биыл ақпанда Бабақұмаров мас күйінде көлік басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылған болатын.
Марқұмның артында әйелі, ұлы және қызы қалды. Әзір тергеу амалы жүргізіліп жатыр. Полиция оқиғаның егжей-тегжейін анықтауда.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

