Қазақстандағы салық реформасына қатысты ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин ҚҚС-тан босатылуы мүмкін салаларды атады, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Бүгін Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде салық реформасының егжей-тегжейі талқыланды. Әмриннің айтуынша, ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлеме енгізу ұсынылып отыр.
ҚҚС бойынша негізгі өзгерістер:
- Базалық мөлшерлеме 16 пайыз болады.
- Агроөнеркәсіп кешені ҚҚС-тан толық босатылуы мүмкін, бірақ ерікті есепке қою құқығы сақталады. Яғни төлегісі келсе төлейді.
- Денсаулық сақтау саласы үшін 10 пайыздық аралық мөлшерлеме қарастырылған.
Сонымен қатар, кәсіпкерлерден, жұртшылықтан азық-түлік өнімдеріне және басқа да тауарларға ҚҚС мөлшерлемесін төмендету турасында ұсыныс түскен.
Салық кодексінің жобасында:
- Бұқаралық ақпарат құралдары мен агроөнеркәсіп кешенін ҚҚС-тан босата отырып, мөлшерлемені 12-ден 16 пайызға дейін көтеру ұсынылған.
- Фармацевтика, медициналық қызметтер және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін 10 пайыз жеңілдік мөлшерлемесін енгізу қарастырылған.
- ҚҚС төлеушілерді тіркеу үшін шекті мөлшерді 20 000-нан 3800 АЕК-ке дейін төмендету қарастырылған (2025 жылы бұл шамамен 14,9 миллион теңге).
Әмриннің айтуынша, бұл ұсыныстар Мәжілістегі жұмыс тобы аясында жан-жақты талқыланып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов ҚҚС мөлшерлемесін арттыру қажет екенін айтқан болатын. Мемлекет басшысы бұл реформаны қолдағанымен, Үкіметке бұл мәселені қайта қарауды тапсырды.