Бас прокуратура азаматтарды әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратудан сақ болуға шақырды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бас прокуратураның ресми өкілі Саян Әбденов соңғы кезде ақпараттың басты көзі әлеуметтік желілер болғанын атап өтті. Оның айтуынша, ақпараттың жылдам таралуымен қатар, жауапкершілік те еселеп артқан.
«Бүгінде қоғам үшін ең үлкен қауіптің бірі цифрлық ортада тарайтын жалған ақпараттар. Кейбір азаматтар мәселенің байыбына бармастан, тек назар аудару үшін немесе «хайп» қуып, тексерілмеген, кейде тіпті өтірік мәліметтерді таратады. Мұндай әрекеттер қоғамның тыныштығына қауіп төндіріп, азаматтардың жеке және іскерлік беделіне зиян келтіреді, мемлекеттік институттардың жұмысына кері әсер етеді», – деді Әбденов.
Оның айтуынша, цифрлық ортада толық анонимділік деген түсінік жоқ.
«Интернеттегі әрбір әрекет цифрлық із қалдырады. Заманауи технологиялар кез келген ақпараттың бастапқы көзін табуға мүмкіндік береді. Жалған ақпарат тарату заңмен қудаланады, жауапкершілікке тартылады. Сондықтан әлеуметтік желіде пікір немесе жазба қалдырмас бұрын оның салдарын ескерген жөн. Сөз бостандығы шексіз емес. Ол өзгенің құқығы мен заңды мүддесін бұзуға себеп болмауы тиіс», – деп атап өтті Бас прокуратура өкілі.
Әбденов жарияланатын ақпараттың тексерілген, расталған деректерге негізделуі тиіс екенін баса айтты.
«Заң әрбір азаматтың қорғаны. Құқықтық нормаларды сақтау – тұрмыста да, бизнесте де, медиакеңістікте де қауіпсіз ортаны қалыптастырады. Құқық қорғау органдарының мақсаты – тек жазалау емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу. Қазір осы бағытта жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Цифрлық ортадағы мәдениет – әрбір адамның жеке жауапкершілігінен басталады», – деп түйіндеді Саян Әбденов.
Айта кетейік, бұған дейін 6 сәуірде ҚР Ішкі істер министрлігі де жүргізушілерге маңызды ескерту жасаған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







