Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев жаңа Конституцияның баспанадан шығаруға қатысты нормасына ресми түсініктеме беріп, тұрғын үй иелерінің құқығы толық қорғалғанын мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі болған Мерғалиевтің айтуынша, жаңа Конституцияның 28-бабы тұрғын үй иелерін соттың заңды күшіне енген шешімінсіз мәжбүрлеп шығаруға тыйым салып, олардың құқығын жоғары заңнамалық деңгейде қорғайды.
«Бұл жаңа тәжірибе емес. Бұған дейін де заңнама өз бетімен баспанадан шығаруға тыйым салған. Мұндай нормалар Азаматтық кодекстің 188-бабында және «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 8-бабында бұрыннан бекітілген. Яғни, баспанадан мәжбүрлеп шығару тек сот шешімімен ғана жүзеге асады», – деді ол.
Соттың міндеті кімнің баспанада тұруға заңды негізі бар-жоғын тексеру.
«Тұрғын үйге қатысты шешімді тек заңды иесі меншік иесі ғана қабылдай алады. Ол баспанасын жалға бере отырып, келісімшартқа сәйкес шарттарды бұзған жағдайда жалдаушыны үйден шығаруға толық құқылы», – деді Жоғарғы сот төрағасы.
Статистикаға сәйкес…
2025 жылы баспанадан шығару туралы 2,7 мың істің тек 6 пайызы ғана жалға алушыларға қатысты болған.
«Жалпы, меншік иелері келісімшартты сақтайтын, міндеттемелерін орындайтын адал жалға алушыларды үйден шығаруды талап етпейді. Егер жалға алушы келісімшартты бұзса, сот меншік иесінің шағымын толық қанағаттандырады және жалға берушінің шығындарын өтеуді міндеттейді», – деді Мерғалиев.
Жаңа Конституция күшіне енген соң, бұл салада ешқандай құқықтық белгісіздік туындамайды деп болжанып отыр.
«Негізгі мәселелер тараптар арасында келісімшарт болмаған жағдайда туындайды. Ондай кезде үй иесіне де, жалға алушыға да өз құқығын дәлелдеу қиынға соғады. Конституцияға енгізілген бұл өзгеріс тұрғын үй нарығындағы мәмілелердің ашықтығын арттырып, меншік иелерінің құқығын күшейтуге бағытталған», – деп түйіндеді төраға.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







