Қазақстанда инфляция неге қайта күшейіп барады? Экономист Ғалым Құсайынов осы сұраққа жан-жақты талдау жасап, өз болжамымен бөлісті, деп жазады Ertenmedia.
Сарапшының айтуынша, Ұлттық банктің қазіргі ставкісі бағаны ауыздықтай алмай отыр. 2026 жылдың наурызында Қазақстанның «қымбат ақша режимінде» өмір сүріп келе жатқанына төрт жыл толмақ. Осы кезеңде қымбат несиеден банктер ғана пайда көрген.
Экономист 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіне де назар аударды. ҚҚС-тың өсуі инфляцияны тағы «бір-екі пайызға» арттыруы мүмкін дейді ол.
«Қазіргі жоғары базалық мөлшерлеме жылдық 9–10%-ға дейінгі қолайлы деңгейге тек 2027 жылы немесе тіпті 2028 жылы ғана төмендейді-ау», – дейді Құсайынов.
Экономист теңге бағамы мен инфляция арасындағы байланысты зерттеп көрген екен. Оның есебі бойынша, теңге бағамының бір айдағы өзгеруі келесі айдың инфляциясына бірден әсер етеді. Яғни валюта бағамының 1%-ға әлсіреуі инфляцияны келесі айда шамамен 0,22%-ға өсіреді. Теңге 5%-ға құнсызданса, баға 1,1%-ға көтеріледі деген сөз. Мәселен жазда теңге бағамы 5%-ға құлдыраған кезде, инфляция дәл осылайша жеделдеген.
Экономист маусымдық инфляцияға да назар аударыпты. Жылдың алғашқы 3 айында баға азық-түлік пен тарифтер әсерінен күрт өседі екен. Биылғы жылдың сәуірінде инфляция біршама байыздағанымен, тамыз-қыркүйекте қайта қарқын алған. Сарапшы өзгерісті шілде-тамызда теңгенің тиісінше 2,71% және 1,99%-ға құнсыздануымен байланыстырып отыр. Қыркүйек пен қазан айында теңге тұрақталып, инфляция 0,5–0,8%-ға дейін төмендеген.
«Желтоқсанда дәстүрлі түрде баға өседі. Бірақ биыл теңгенің нығаюы мен Үкімет тарапынан тарифтерге қойылған бақылау инфляцияны аз-кем тежеуі тиіс», – дейді экономист.
Ғалым Құсайынов теңгенің құнсыздануына әсер ететін негізгі бірнеше факторды атады. Біріншісі тұтынушылық несие. Олар импортқа деген сұранысты күшейтіп, тауар бағасын өсіреді. Мемлекет пен бизнестің инвес.қарыздары теңгемен алынады да, импорттық жабдық сатып алу кезінде валютаға айналады. Бұл да теңгеге қысым түсіретін фактор.
«Сырттан қаржы тартпайынша теңгенің тұрақтануы қиын. ҚаржыМин сыртқы нарықтан ақша тарта бастады, осы тұста банктерге де валюталық несие беруді жеңілдетіп, валютамен сыртқы нарықтан қаржы тартуға мүмкіндік беру керек», – дейді сарапшы.
Экономистің пікірінше, валюталық несиелендіруді ақылға қонымды деңгейде ырықтандыру банк секторына сырттан қаржы тартуға жол ашады, бұл өз кезегінде теңгенің тұрақтануына оң әсер етеді.
Сарапшы ақша-несие саясатындағы теңгерімсіздіктерді жою арқылы ғана инфляцияны төмендетіп, базалық мөлшерлемені тезірек азайтуға болатынын айтады. Әлбетте, бұл мемлекеттік шығындарды азайту, ішкі нарықты отандық тауармен қамту және саудадағы ішкі кедергілерді жою сияқты қадамдарды жоққа шығармайды.
Еске сала кетейік, Ұлттық банк биылғы инфляция болжамын қайта қараған еді. Реттеуші 2025 жылы инфляция 12–13%, ал 2026 жылы 9,5–12,5% деңгейінде болады деп болжап отыр. Бас банкир Тимур Сүлейменов кем дегенде 2026 жылдың алғашқы алты айына дейін базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін көрмей отыр.
Бұған дейін Құсайынов жаңа Салық кодексінен құрылыс саласы аса қатты зардап шегетінін мәлімдеген еді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Құсайыновтың қатерлі болжамы: жұрт неге жаппай жер үй салуға көшпек

