Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған қайғылы жол апатына байланысты ішкі істер органдарын толық тазалауға шақырды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, мұндай жағдайлардың алдын алудың жалғыз жолы елдегі барлық құқық қорғау органдарына жаппай тазалау жүргізу.
«Өзім Әл-Фарабидің бойында тұрамын, күн сайын көз алдымда элиталық көліктер мен спорткарлар жарысады. Бірақ солардың біреуінің айыппұл төлегенін, жұмыстан қуылғанын немесе жазаланғанын көрген емеспіз. Өйткені оларды жоғары лауазымды шенеуніктер мен бай-бағландардың «балалары» ретінде полиция қызметкерлері қорғаштап отыр. Алматыда ғана емес, мұндай жағдай бүкіл Қазақстан бойынша бар. Сондықтан ішкі істер органдарына кешенді тазалау қажет. Бұл тек Алматыға қатысты емес, барлық өңірлерге ортақ мәселе», – деді Бақытжан Базарбек үкімет дәлізінде.
Оның сөзінше, мұндай оқиғалар ел үшін өткеннің еншісінде қалуы керек еді. Алайда олар әлі күнге дейін жалғасып отыр. Депутаттар президентке үндеу жолдап, жол қозғалысы саласында тәртіп орнатуды талап етпек.
Сондай-ақ депутат алдағы уақытта жарияланатын әкімшілік рақымшылыққа қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, амнистия жол ережесін өрескел бұзатын жүргізушілерге қолданылмауы тиіс.
«Бізге амнистия жарияланады деген ақпарат жетті. Әл-Фарабидегі қайғылы жағдай секілді фактілер рақымшылық туралы заң жобасын талқылаған кезде ескерілуі қажет. Заң жобасын әлі көрген жоқпыз, Мәжіліске түскенде міндетті түрде жұмыс тобының құрамына кіріп, осы мәселені көтеремін», – деп түйіндеді депутат Бақытжан Базарбек.
Контекст
Еске сала кетсек, 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында ауыр жол апаты болып, үш адам қаза тапқан болатын. Күні кеше осы мәселеге байланысты шұғыл жиын өткізген Ішкі істер басшысы Алматыға арнайы десант жолдаған болатын.
Сәденовтың пәрменімен Алматы полициясының бірқатар басшылары жұмыстан қуылған.
«Егер олардың кінәсі дәлелденсе, қызметтен қуылумен шектелмейді. Заң бәріне ортақ!», — дейді Ішкі істер басшысы. Айтқандай, атышулы Zeekr-дің иесінің үстінен ащы судың иісі мүңкіп тұрған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







