Түнеукүні генерал Новиковқа тиесілі жерді мемлекет меншігіне қайтарған депутат Бақытжан Базарбек осы бағыттағы жұмысты үдете түспек.
Бас прокурорға сауал жолдаған мәжілісмен келесі кезекте Назарбаевтың сенімді серігі болған Нұртай Әбіқаев пен экс-премьер Сергей Терещенкоға қатысы бар компанияларға шүйлікті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Депутаттың айтуынша, Жетісу облысы Сарқан ауданында жерді иемденіп отырған бірнеше кәсіпорынның артында марқұм Сергей Терещенконың жақындары тұр.
«Сарқан ауданына жасаған сапарымызда аудан әкімдігі мен тұрғындардан «Март-Агро», «Сарканд-МТС-Агро», «Сарканд-Агро» компаниясының жерді ұзақ уақыттан бері игермей отырғаны туралы шағым алдық. Оның ішінде экс-премьер Сергей Терещенкоға қатысы бар жер телімдері де кездеседі. Алайда облыстық Жер ресурсын басқару департаменті мұны жоққа шығарып, жер мақсатты түрде пайдаланылып жатыр деді. Сонда кімге сенеміз? Бұл жағдай Бас прокурор мен Жер ресурстарын басқару комитеті тарапынан мұқият тексеруді талап етеді», – деді депутат.
Базарбек бұған дейін атышулы генерал Павел Новиковтан қайтарылған Алматының бөктеріндегі ұланғайыр жердің тағдырына алаңдап отыр.
«Учаскі мемлекетке қайтарылғанымен, енді басқа бір ықпалды тұлғалардың қолына өтіп кету қаупі бар. Мұндай стратегиялық аумақты Терещенко мен Әбіқаев секілді ескі гвардия өкілдерінің құйтырқы схема арқылы қайтадан жекелендіріп алуына жол бермеуіміз керек», – деп мәлімдеді мәжілісмен.
Базарбек Бас прокурордан 848 гектар жерге шұғыл вето қойып, оларды Іле-Алатау ұлттық паркінің құрамына қосуды талап етуда. Сонда ғана мәселе түбегейлі шешіліп, жер көлденең біреулердің қолына өтіп кетуден аман қалады.
Депутаттың мәлім еткеніндей, әзір Жер ресурстары комитеті экс-премьер Сергей Терещенко, Нұртай Әбіқаев және өзге де «ескі Қазақстан» өкілдері иемденіп алған жер теліміне тексеріс жүргізуде.
«Қазірдің өзінде қолымызда көптеген дерек бар. Мұндай жайттың артында кім тұрғанына қарамастан жұмысты тоқтатпаймыз. Тың фактілерді биыл қыркүйек айында жұртқа жария етемін», — дейді Базарбек.