Бейжің билігі елдің басты саяси жиыны қарсаңында бірден 19 жоғары лауазымды шенеунікті заң шығарушы орган Халық өкілдері бүкілқытайлық жиналысының (ХӨБЖ) құрамынан шығарды. Олардың арасында тоғыз әскери басшы бар, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шенділердің шеттетілгені туралы шешімді ХӨБЖ комитеті ресми түрде жариялаған. Билік шешімнің нақты себебін ашып айтпаған екен.
«Дегенмен сарапшылар бұны соңғы апталарда президент Си Цзиньпиннің әскери саладағы ең жақын серігі, жоғары шенді генерал Чжан Юсяның қызметтен алынуымен байланыстырады», дейді осы тұста BBC.
Басылымның жазуынша, Сидің билікке келген сәттен бері жүргізген басты саясаты жемқорлықпен күрес. Қытай басшысы сыбайлас жемқорлықты «Коммунистік партияға төнген басты қауіп» деп бірнеше рет мәлімдеген. Дегенмен, сыншылар осынау науқанды Си өзіне қарсы саяси күштерді тұншықтыру үшін қолданады деген пікірде.
Осы жолы шеттетілгендердің арасында Қытайдың Халық-азаттық армиясы (ХАА) құрлық әскерінің қолбасшысы Ли Цяомин мен ХАА әскери-теңіз күштерінің бұрынғы қолбасшысы Шэнь Цзиньлун бар.
Сонымен қатар Ішкі Моңғолия автономиялық аймағының бұрынғы партия хатшысы Сунь Шаочун бастаған бірқатар өңірлік лауазымды тұлғалар да құрамнан шығарылған.
Айта кетерлігі…
Бірнеше апта бұрын ғана Чжан Юсяға қатысты «тәртіп пен заңды өрескел бұзды» деген айып тағылып, қызметінен алынған болатын. Қытайда әлгіндей айып жемқорлық ісіне қатысы бар дегенді білдіреді.
Бұл соңғы жылдардағы Қытай армиясы қатарындағы ірі тазартулардың жалғасы. Былтыр қазан айында тағы тоғыз жоғары лауазымды генерал қызметінен кеткен еді. Билік мұны жемқорлыққа қарсы күрес науқанының кезекті кезеңі деп түсіндірген.
Си Цзиньпиннің 2013 жылы билікке келгеннен бастап жүргізіп келе жатқан жемқорлыққа қарсы саясаты «жолбарыстар мен шыбындарды ұстау» деп аталады. Науқан ірі шенеуніктермен қатар қатардағы қызметкерлерді де қамтиды.
Жақында ғана Си күрестің әлі де «қиын әрі күрделі» күйінде қалып отырғанын мәлімдеген еді.
Қазір Бейжің келесі аптада басталатын елдегі ең маңызды саяси оқиға «екі сессияға» дайындалып жатыр. Халық өкілдері бүкілқытайлық жиналысы мен Қытай халықтық саяси консультативтік кеңесінің жиыны 4-11 наурыз аралығында өтеді. Отырыста алдағы бесжылдық жоспар айқындалмақ.
Қытайдағы «жоғалған» генералдар туралы біз бұған дейін де жазғанбыз. Ақ үй Бейжің қолға алған «тазарту операциясының» түпкі мақсатын біліп қойған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







