Бүгін Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келгендердің сұрағы әртүрлі болғанымен, негізгі тақырыптар мүгедектігі бар адамдарды қолдау және тұрғын үй мәселелеріне тірелді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Талдықорған қаласының тұрғыны Сая Абдрашева қабылдау кезінде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қатысты екі ұсынысын айтты. Біріншіден, қаладағы оңалту орталығы жанынан мұндай адамдарды тәулік бойына уақытша қалдыратын топ ашуды сұрады. Яғни, күндіз ғана емес, түнде де қамқорлық қажет болатын азаматтар үшін арнайы орын болса деген ойын жеткізді.
Екіншіден, мүгедектігі бар адамдарға жылына бір рет болса да қосымша қаржылай көмек берілсе деген ұсынысын алға тартты. Оның айтуынша, бұл адамдардың дәрі-дәрмек, күтім, жол шығыны сияқты тұрақты қажеттіліктері бар, сол себепті бір реттік қолдау да айтарлықтай демеу болар еді.
Әкімдік тарапынан осы ұсыныстарға нақты жауап берілді. Тәулік бойына жұмыс істейтін уақытша топ ашу мәселесі қазіргі қолданыстағы заңнамада қарастырылмағаны айтылды.
Сондықтан бірден шешім қабылданбайды, алдымен заңға өзгеріс енгізу қажеттігі туындайды. Облыс әкімі бұл ұсыныс жоғары деңгейде қаралуы үшін тиісті орталық ведомстволарға жолданатынын жеткізді. Яғни, мәселе назардан тыс қалмайды, бірақ жылдам орындалады деуге келмейді.
Ал мүгедектігі бар азаматтарға жылына бір реттік көмек тағайындау мәселесі облыс бюджетін жоспарлау кезінде қаралуы мүмкін екені айтылды. Бюджет мүмкіндігі мен басқа әлеуметтік шығындар ескеріле отырып, кейін талқыланатыны түсіндірілді.

Қабылдауға баспана мәселесін көтерген азаматтар да келді. Олардың бір бөлігі тұрғын үй кезегінде тұрғанын, көп жылдан бері өз кезегін күтіп жүргенін айтты. Енді біреулері өздері тұрып жатқан үйдің құжаттарын реттеуге кіріскен, сот арқылы заңдастыру процесінде жүргенін жеткізді. Кейбір сұрақтар кезек тәртібіне, кейбірі құжаттардың дұрыс рәсімделмеуіне қатысты болды.
Тұрғын үйге байланысты сұрақтарға тек әкім ғана емес, салалық мамандар да жауап берді. Қабылдау барысында «Отбасы банк» акционерлік қоғамының және тұрғын үй инспекциясының өкілдері азаматтарға түсініктеме жасады.
Олар кезекке тұру тәртібін, кімдерге басымдық берілетінін, қандай құжаттар қажет болатынын нақтылап, қолданыстағы заң нормаларын түсіндірді. Үйін сот арқылы заңдастырып жүрген азаматтарға процестің кезеңдері, қандай тәуекелдер бар екені және қандай құжаттарды толықтыру керектігі айтылды.
Бүгінгі қабылдау көрсеткендей, тұрғындардың көтеріп отырған мәселелері күнделікті өмірге тікелей байланысты. Мүгедектігі бар адамдарды қолдау, уақытша күтім орталықтарын ашу, бір реттік көмек беру сияқты ұсыныстар – әлеуметтік саясаттың жанды тұсы.
Әкімдік өкілдері әр өтінішті жазбаша тіркеп, тиісті басқармаларға жолданатынын айтты. Нақты шешімдер бірден қабылданбағанымен, азаматтар өз сұрағының ресми деңгейде көтерілгенін көрді.

