Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдегі қоғамдық кеңестің жаңадан қалыптастырылған құрамымен кездесіп, өткен жылдың қорытындылары мен бірлескен жоспарларын талқылады,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, қоғамдық кеңестер мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтатын маңызды құрал екенін тілге тиек еткен облыс басшысы қоғамдық кеңестің жұмысын өзекті әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық мәселелердің айналасына шоғырландырудың маңыздылығы туралы ойын жеткізді. Бұл ретте қоғамдық кеңес аталған мәселелерді зерттеп, талдап, өз ұсыныстары мен пікірлерін енгізуі пайдалы болмақ.
«Сіздерді жергілікті атқарушы органдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуге шақырамын. Біздің тарапымыздан қоғамдық кеңестердің әлеуетін арттыру және еңбек ету үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында қажетті қолдау көрсетіледі. Мәслихат депутаттарын, қоғамдық кеңес мүшелерін, жергілікті атқарушы органдарды – бәрімізді ортақ басты мақсат біріктіреді, ол – Президенттің жүргізген реформаларын іске асыруды жалғастырып, құқықтық мемлекет, әділ қоғам орнату және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Сондықтан сіздермен ашық, әділ, конструктивті диалог жасай отырып, өзара тең дәрежеде қоян-қолтық жұмыс істеуіміз керек» — деген Б. Исабаев Қоғамдық кеңес мүшелеріне өткен жылдық қорытындылары мен алдағы жоспарлар жайлы қысқаша баяндап берді.
Ол халықтың алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып жұмыс атқарудың нәтижелі болатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде Қоғамдық кеңестің төрағасы Әсет Қыдырманов, «Ерлік» тірек-қимыл қозғалысы кем мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Роза Ақжаркенова, облыстық Азаматтық альянс президенті Дәния Қыдырбаева, «Мейірімді Жетісу» волонтерлік фронт-офисінің жетекшісі Шырай Саматқызы және Қоғамдық кеңестің басқа да мүшелері ойларын ортаға салды. Олар Қоғамдық кеңес оның әрбір мүшесі үшін үлкен мектеп, жаңа тәжірибе екенін айта келе, өзара әріптестік қатынастардың жаңа кезеңінде халықтың сеніміне сай және ұсыныс-тілектерін негізге ала отырып жұмыс істейтіндерін айтты.
Дмитрий Ерофеев
Еске салсақ, Жетісу облыстық қоғамдық кеңес жаңа құрамда жұмысын 32 мүшесімен бастады. Кеңес құрамы 72% жаңартылды. Олардың 84,4 % — азаматтық қоғамның өкілдері, яғни оның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес қауымдастықтың, саяси партиялардың, кәсіподақтың, этно-мәдени орталықтардың, БАҚ-тың, білім беру саласының өкілдері де бар.