Әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды жүріп жатқан Жетісу облысы соңғы үш жылда 1,5 трлн теңге инвестиция тартты. Аймақтың жалпы өңірлік өнім көлемін екі есеге дейін арттырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен 2026 жылға арналған даму жоспары талқыланған облыс әкімдігінің отырысында айтты.
Облыс әкімінің айтуынша, 2022 жылмен салыстырғанда жалпы өңірлік өнім көлемі екі есеге жуық өсіп, 2,5 трлн теңгеге жеткен. Сондай-ақ, облыста жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ға дейін төмендеп, соңғы үш жылда 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 11 мыңға жуық отбасы баспаналы болды. Бұған қоса, 276 әлеуметтік нысан жаңартылып, халықтың ауыз сумен қамтылуы 100%-ды құрады. Қазіргі таңда өңірдегі газдандыру деңгейі 67%-ға жетті.
– Облысымыз құрылған сәттен бастап ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуда үлкен нәтижелерге қол жеткіздік. «Талдықорған–Үшарал» газ магистралі, «Достық–Мойынты» теміржол учаскесі, «Үшарал–Достық», «Сарыөзек–Көктал–Қорғас» жолдары салынды. Республикалық маңызы бар жолдардың барлығы жөнделіп, облыстық жолдардың 95%-ы қанағаттанарлық деңгейге жеткізілді. Туризм саласы аймақ экономикасының маңызды бір бөлігіне айналып отыр. Мәселен, өткен жылы облыстың даму бюджетінің 30%-ға жуығы осы салаға бөлінді, – деді Бейбіт Исабаев.
Жиын барысында өңірдің даму көрсеткіштері мен алдағы мақсаттар туралы облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов баяндады. Ол өз сөзінде жетістіктермен қатар проблемалық мәселелерге де тоқталды.
Сонымен қатар, бірқатар аудан-қала әкімдері мен басқарма басшылары өңірдегі жұмыстар жайлы баяндама жасады. Баяндамаларды тыңдай келе, аймақ басшысы жауапты тұлғаларға Мемлекет басшысының тапсырмаларын негізге ала отырып, алдағы басым бағыттарды айқындап берді.
Атап айтқанда, ауыл шаруашылығында заманауи агротехнологияларды қолдану, қайта өңдеу саласын дамытып, инвестициялар тарту арқылы сүт фермаларын, жылыжайлар мен құс фабрикаларын ашу тапсырылды. Өнеркәсіп пен шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысының сапасын қатаң бақылау да негізгі басымдықтар қатарында тұр. Сондай-ақ, экологиялық таза орта қалыптастыру мен медицина сапасын арттыру мәселелері де назардан тыс қалмауы қажет.
– Қаражатты бірінші кезекте қажетті жобаларға тиімді әрі сапалы игеруді қатаң бақылауға алу керек. Барлық жауапты тұлғалар мен әкімдер өңірдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін өз жауапкершілігін толық сезініп, белгіленген міндеттерді дер кезінде орындауы қажет. Бізге қазір нақты нәтиже керек, – деп қорытындылады сөзін Бейбіт Исабаев.
Контекст
Жиын соңында 2025 жылдың үздіктері марапатталды. «Үздік аудан» аталымында Көксу ауданы әкімдігі жеңімпаз болса, Алакөл ауданындағы Бескөл ауылдық округі «Үздік ауылдық округ» деп танылды. Сонымен бірге Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Үздік басқарма», ал Облыстық кардиологиялық орталық «Үздік мекеме» атанды. Сондай-ақ, бірқатар басшылар «Адал қызметі мен еңбегі үшін» арнайы белгісімен марапатталды.
Айтқандай, Жетісу облысында мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылып, мал басын көбейту, өнім көлемін арттыру мен экспорттық әлеуетті күшейту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

