Маңғыстау облысындағы Бейнеу станциясының теміржолшылары еңбек жағдайына шағымданғаны үшін басшылық қысымына ұшырағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жұмысшылардың айтуынша, олар еңбек жағдайын жақсарту және арнайы жұмыс киімінің сапасыздығын айтып, мәселе көтергеннен кейін қоқан-лоққыға тап болған.
Бейнеу жол дистанциясының қызметкерлері бұл туралы видеоүндеу жариялап, кәсіподақ төрағасы мен дистанция басшысы жиынға «қылмыс әлемімен байланысы бар» адамды алып келгенін жеткізді.
«Басшылық шақырған белгісіз адамдар бізге ашықтан-ашық қысым жасады. Олар «тынышталмасаңдар, жағдайларың қиын болады» деп қорқытты», – дейді жұмысшылар.
Теміржолшылар осы жағдайға тікелей қатысы бар деп санайтын «Қазақстан темір жолы» Маңғыстау магистральдық бөлімшесінің басшысы Ерназар Ізтұрғановты және басқа да жетекшілерді дереу қызметінен босатуды талап етуде.
Жұмысшылардың айтуынша, жоғарыдан қысым көрсету арқылы олардың мәселесін жапқысы келіп отыр.
Қызметкерлердің сөзіне сенсек, Маңғыстау өңірінде жұмысшылар наразылығын басу үшін ОПГ-ны пайдалану бұрыннан бар тәжірибе.
Жергілікті жұмысшылар өңірде ықпалы бар адам ретінде лақап аты «Алиба» деп танылған Әлібек Нарбековты атайды. Ол бұрын ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар, рейдерлік және бұзақылық әрекеті үшін сотты болған. Жұмысшылардың айтуынша, «Алиба» пайда болғаннан кейін аймақтағы кез келген наразылық жұмбақ жағдайда бірден тоқтайды.
Өз кезегінде «Қазақстан темір жолы» жағдайды «ішкі тұрмыстық жанжал» деп атап, өңірге арнайы тексеріс тобын жіберетінін айтты.
«Мұның бәрі бірнеше қызметкер мен аймақтық бөлімше басшылығының арасындағы түсінбеушіліктен туындаған тұрмыстық жанжал», – делінген ҚТЖ мәлімдемесінде.
Жұмысшылар болса мұны ешқандай да «түсініспеушілік» емес, керісінше еңбек құқығын қорғап, еңбек қауіпсіздігін талап еткен мамандардың үнін өшіруге бағытталған әрекет деп есептейді.

