Бейжіңнің ақпарат құралдары Қазақстанның вольфрам кеніштеріне «құда түскен» Ақ үйдің амбициясынан үрейленіп отыр, деп жазады Ertenmedia.
Қытайдағы танымал CTIA сайтының сараптауынша, Уашингтонның Қазақстандағы маңызды минералдарға көз салуы коммерциялық шеңберден шығып, Бейжіңнің осы нарықтағы монополиясын бұзуға бағытталған.
«Қазақстандағы Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кенішіне инвестиция құйған Әмірика Қытайдың стратегиялық үстемдігін шайқалтқысы келеді», – дейді басылым.
CTIA-ның дерегінше, Қытай бүгінде әлемдегі вольфрам өндірісінің 83 пайызына және жалпы қордың жартысынан астамына (52%) иелік етеді. Халықаралық хаос мен нарықтағы ахуал осы минералдың бағасын аспандатып, аммоний паравольфраматының құны тоннасына 435 мың юаньға (32 млн теңге) жеткен.
Аммоний паравольфраматы вольфрам кенінен өндірілетін негізгі аралық химиялық қосылыс. Ол болат өндірісі, әскери өнеркәсіп, электроника, мәшіне жасау секілді стратегиялық салада кеңінен пайдаланылады.
«Бейжінің осы саладағы ықпалын әлсірету үшін АҚШ Ақорданың көңілін аулады. Cove Kaz Capital компаниясының Қазақстандағы жобалары осы стратегияның айқын көрінісі. Әмірикалық компания «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, аталған кеніштерді игеруге дайындалып жатыр. Уашингтон осы жобаны федералды қаржы институттары арқылы қолдап, саяси деңгейде демеуге ниетті», — дейді қытай басылым.
Қытай сарапшылары үрдістің ұзақмерзімді салдарына алаңдап, Құрама Штаттардың минералдық ресурстар бойынша белсенділігі Бейжіңге соққы болып тиерін жасырмайды.
Айта кетелік, елімізде жалпы көлемі 2 млн тоннадан асатын вольфрам қоры бар. Соның ішінде Солтүстік Қатпар пен Жоғарғы Қайрақты секілді екі ірі кеніштің үлесі 1,3 миллион тонна шамасында. Кен орындары толық қуатына көшкенде Қазақстан жылына 12 500 тоннадан астам аммоний паравольфраматын өндіретін деңгейге жетіп, әлемдегі екінші ірі вольфрам өндірушісіне айналатын болады.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

