Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдердің ең маңызды міндетін атады, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Оның айтуынша, орталық және жергілікті билік өкілдерінің негізгі жұмысы — инвестиция тарту.
«Күн сайын «тағы қандай инвестор тарта аламын, қандай жаңа жобалар бар?» деген оймен ұйықтап, сол оймен ояну қажет. Бұл – санаға сіңуі керек басты қағида. Ең алдымен сіздер осы көрсеткіш бойынша бағаланасыздар. Күнделікті міндеттер өз ретімен орындала береді, бірақ басты стратегиялық бағыт – инвестиция тарту. Ел экономикасының дамуы мен бәсекеге қабілеттілігі осыған тікелей байланысты», – деді премьер-министр.
Үкімет басшысы мемлекеттік аппараттағы өңірлік инспекторлардың жұмысы қайта құрылып, олардың ендігі басты мақсаты инвестиция тарту екенін мәлімдеді.
«Маған басқа анықтамалар қажет емес. Әкімдермен бірге осы мәселемен айналысу керек. Егер бір жоба басқа жаққа кетсе, онда жауапкершілік белгіленген тәртіп бойынша қаралады», – деп ескертті Бектенов.
Айта кетейік, 2025 жылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономикаға қосымша инвестициялар тарту қажет екенін айтып, оны Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі ретінде белгіледі.