Премьер Бектенов транзиттік-көлік әлеуетін дамыту бойынша өткен жиында көлік және инфрақұрылым жобаларының баяу жүруін сынға алды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жиында сөз сөйлеген Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев 2025 жылы ЕАЭО ішкі шекарасындағы автокөлік өткізу бекеттерін жаңғырту бойынша екі нысанның аяқталғанын, тағы 37 бекетте құрылыс жұмыстары 2027 жылға дейін жалғасатынын мәлімдеді. Премьер-министр жұмыстың қарқыны төмен екенін, қажетті техникалық-операциялық динамиканың жоқтығын ашық айтып, жағдайды тездетіп түзетуді міндеттеді.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Талғат Алдыбергенов өз баяндамасында 2025 жылдың қорытындысы бойынша транзиттік тасымал көлемі 33 млн тоннаға жеткенін, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 20%-ға артық екенін атап өтті. 2026 жылдың бірінші тоқсанында тасымал көлемі тағы 14%-ға ұлғайып, 9 млн тоннаны құраған. Контейнерлік тасымал 6%-ға артқан.
Сонымен қатар жиында Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) тиімділігін арттыру шаралары талқыланды. Қазіргі уақытта «Алтынкөл–Поти/Батуми» бағытында бірыңғай тариф енгізу, Әзербайжан және Грузиямен цифрлық жүйелерді интеграциялау жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 3,9 мың шақырымға созылатын теміржол инфрақұрылымы жаңартылып жатыр. Оның ішінде «Мойынты–Қызылжар», «Бақты–Аягөз» жаңа желілері салынуда, сондай-ақ «Алтынкөл–Жетіген», «Шалқар–Бейнеу», «Бейнеу–Маңғыстау» учаскелері модернизациялануда.
Тағы бір кілтипан…
Премьер-министр әсіресе «Бақты–Аягөз» теміржол желісі бойынша техникалық және кадрлық ресурстардың жеткіліксіздігіне назар аударып, жағдайдың жобаның іске асуына айтарлықтай кедергі келтіріп отырғанын айтты. Ол шекаралық түйісу бекеттерінің өткізу қабілетін жылына 100 млн тоннаға дейін арттыруды тапсырды.
Теміржол вокзалдарын жаңарту жұмыстарының төмен қарқынын да сынға алып, барлық құрылыс-монтаждау жұмыстарын биыл аяқтауды міндеттеді.
Ақтау және Құрық порттарын дамыту бойынша биыл Ақтау портында жалпы көлемі 1,3 млн текше метр түп тереңдету жұмыстарын жүргізу керектігі айтылды.
Сонымен бірге «Ақтау–Баку» бағытында алты контейнер тасымалдаушы кемені сатып алу процедураларының тым баяу жүргеніне тоқталып, жаңа кемелерді бағытқа тезірек шығаруды талап етті.
Шағын авиация әуе кемелерін сатып алу мәселесіндегі кемшіліктерге де назар аударып, бұл саладағы қаржыландыру тетіктерін жедел жетілдіруді тапсырды.
«Тапсырмалардың орындалуына қатысты кемшіліктер өте көп. Әрбір бағыт бойынша барлық күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек. Жұмыс қарқынын жеке бақылауда ұстаймын», – деп түйіндеді Олжас Бектенов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







