Олжас Бектенов Үкімет тізгінін ұстаған екі жылдың ішінде Қазақстанның бет-бейнесі түбегейлі өзгерді. Бұрынғыдай әлеуметтік көмекті оңды-солды шашудың заманы өтті. Әзір әр тиын қатаң есепте. Сарапшы Ғазиз Әбішев осындай пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның пайымдауынша Бектенов кабинетінің басты ұраны «қаржылық тәртіп және экономикалық өсім».
Үкімет соңғы екі жылда экономиканы «ауыр» әлеуметтік бағдарламалардан арылтып, бюджеттік тәртіп пен қаржылық сауаттылықты күшейтуге ден қойған. АҚШ, Германия, Ұлыбритания секілді алып елдер де дәл осы жолға түсіп, әлеуметтік көмекті бей-берекет үлестіруден бас тартуда.
«Ендігі бағыт әлеуметтік салаға тоқтаусыз қаржы құюдан нақты экономикалық өсімге, жүйенің тұрақтылығына, қаражаттың нақты мұқтаждарға жетуіне қарай бұрылды.
2024-2025 жылдары осы бетбұрыс айқын көрініс тапты: әлеуметтік төлемді көбейту басты мақсат болудан қалды. Мемлекет әр тиынды санап, нақты әрі тиімді жұмсауға көшті. Бектенов кабинеті алдыңғы үкімет басшыларынан қалған қомақты бюджет тапшылығымен бетпе-бет келіп, 2025 жылы шығындарды оңтайландырды.
Ал 2026 жылдан бастап медсақтандыру, жекеменшік мектептерді қаржыландыру сынды ақшаны жұтып жатқан салаларды ретке келтіруге кірісті», – дейді саясаттанушы.
Бектеновтің бастамасынан қайыр бар ма?
Әбішевтің айтуынша, Үкіметтің осы бағыттағы әрекеті берекет беруде. Мысалы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) 6,5 пайызға артты.
Дегенмен, саясаттанушының пікірінше экономика әлі де тәлтіректеп тұр. Әсіресе Теңіз мұнайының экспортындағы қиындықтар, шикізат нарығындағы тұрақсыздық пен инвестицияның тапшылығы алдағы уақытта биліктің бас ауруына айналуына мүмкін.
Әбішевтің сөзінше соңғы салық реформасының басты мақсаты бюджеттің жыртығын жабу ғана емес, шикізатқа тәуелсіз экономиканың дамуына жол ашу.
Болашақта бюджетік тәртіп пен салық саласындағы қатаң саясат жалғасып, әлеуметтік көмек бұқараға жаппай таратылмай, тек шынайы мұқтаж жандарға ғана берілетін болады.
«Белгілі бір дәрежеде Қазақстан «тетчеризм» дәуіріне аяқ басты. Кейін бюджет тұрақты деңгейге шыққанда, «рейганомика» кезеңіне өтуге болады. Қазақстандағы әлеуметтік сұраныстың жоғарылығы мен посткеңестік модельдің сақталуы себепті бұл процес ауыр өтеді. Алайда басты мақсат айқын экономиканы заманауи талапқа сай етіп қайта құру, оны ұзақ мерзімде бәсекеге қабілетті, тұрақты ету», – дейді Ғазиз Әбішев.
Айта кетелік, 10 ақпан күні президент Тоқаевтың үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізеді. Сарапшылар алдағы жиында Президент өткір мәлімдеме жасап, Бектенов бастаған министрлерге нақты міндет жүктейді деп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

