Үкіметтегі кезекті талқылау Қазақстан экономикасындағы ескі тежегіштерді біртіндеп ысыруға бағытталған жаңа қимылдың нышанын аңғартты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов демонополизация жөніндегі комиссия отырысын өткізіп, назарды дәрі-дәрмекті нарыққа шығару мерзімін қысқартуға, тариф саясатын қайта қарауға және цифрлық тәртіпті күшейтуге бұрды.
Отырыста ең әуелі дәрі-дәрмекке қатысты түйткіл көтерілді. Қазір препаратты нарыққа шығару мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін созылса, Үкімет енді осы аралықты 100 жұмыс күніне дейін қысқартуды көздеп отыр. Сол мақсатта тіркеу мен сараптама үдерісін бір арнаға тоғыстыратын «бір терезе» жүйесін енгізу жоспарланған.
Күн тәртібіндегі тағы бір ірі мәселе баға мен тарифті реттеу тәсілін өзгерту. Билік табиғи монополиялардан өзге секторларда шектеулерді алып тастау жағын қарастырып жатыр. Соған қоса жекешелендірудің жаңа жол карталары әзірленбек. Мұның астарында нарыққа еркінірек тыныс беру әрі мемлекеттің шамадан тыс қатысуын азайту ниеті жатыр.
Цифрландыру бағыты да назардан тыс қалмады. Жиында мобильді құрылғыларды міндетті верификациялау, сондай-ақ электронды құжат айналымы нарығын дамыту мәселесі сөз болды. Энергетика саласында Бірыңғай электр энергиясын сатып алушының жұмысы мен көлденең субсидиялаудан кезең-кезеңімен бас тарту жайы қаралған.
Отырыс қорытындысында…
Премьер-министр бірнеше нақты тапсырма берді. Қаржы министрлігіне мемлекеттік мүлік тізілімін жаңарту жүктелді. Ұлттық экономика министрлігі баға мен тарифтің еркін қалыптасуына кедергі келтіретін нормаларды алып тастау жөнінде ұсыныс әзірлеуі тиіс. Денсаулық сақтау министрлігіне Бірыңғай дистрибьютор сатып алатын тізімге дәрі мен медициналық бұйымдарды енгізу үдерісін цифрландыруды жеделдету тапсырылды.
Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мобильді құрылғыларды верификациялауға қатысты заңнамалық өзгерістерді қолға алуы керек.
Жалпы көрініс бір нәрсені аңғартады: Үкімет енді нарықты тек бақылап қана қоймай, ондағы кедергіні де сыпырып тастауға көшкендей. Бірақ мұндай батыл қадамдардың нақты нәтижесі қағаздағы тапсырмамен емес, орындалу қарқынымен өлшенеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







