Премьер Бектенов Президенттің Turkistan газетіне берген ауқымды сұхбатынан кейін министрлер мен орынбасарларының шаңын қағып алды деп жазады Ertenmedia.kz.
Сұхбатта біраз дүние қамтылған болатын. Тоқаев Қазақстан экономикасының дамуы, салық реформасы, туризм саласын жетілдіру және жол қауіпсіздігі сияқты аса өзекті мәселелерді сөз еткен-тұғын.
Осы тұста Үкімет отырысын сөзбен емес, нақты іспен бастау керектігін ескерткен Бектенов, әкімдер мен министрлерді бос есеп беруден арылып, нақты нәтиже көрсетуге шақырды.
«Президенттің сұхбаты алдағы уақытта Үкімет үшін басты бағдар болады. Мем.органдар мен ұлттық компаниялар айтылған міндетті орындауға білек сыбанып кірісуі тиіс. Бюджетті барынша үнемдеп, нәтижеге қол жеткізіңіздер. Слайд пен баяндамаға мына заманда ешкімді таңғалмайды. Құр сөзден қуырдақ қуырғанды доғарыңыздар!», – деді ашуын тежей алмаған Бектенов.
Мемлекеттік органдар бұрынғы жұмыс істеу тәсілінен арылмаса, тиісті шешім қабылданатынын да ескертті.
«Жаңа талапқа бейімделе алмасаңыздар, ашығын айтыңыздар. Бұл мәселені жеке қарастырамыз. Президенттің тапсырмасын орындауды өзімнің орынбасарларыма тікелей тапсырамын және үйлестіруін қадағалаймын», – деді Үкіметбасы.
Бектеновтің айтуынша, Тоқаевтың тапсырмалары уақтылы әрі сапалы орындалуы тиіс. Ол әрбір сала бойынша жеке жауапкершілік күшейтілетінін атап өтті.
Бұған дейін Ertenmedia-мен тілдескен танымал сарапшы Тоқаев пен Назарбаевтың қарым-қатынасы туралы қызық ақпаратпен бөліскен. Оның айтуынша, экс-елбасының Кремль көсемімен ұдайы байланыста болуы Тоқаев үшін тиімді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







