Бектенов үкіметі тұрғындарға Нипах вирусы тарап жатқан елдерге сапар шекпеуді ұсынып отыр. Үндістандағы ахуалдың ушығуына байланысты сан-эпидемиология комитеті шекарадағы тексерісті күшейтті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Нипах вирусы анықталған елдерге сапарлап барудан бас тартуға кеңес береміз. Қажеттілік болмаса, жолға шықпаңыздар», – делінген комитет таратқан хабарламада.
Егер жұмыс бабымен баруға тура келсе, мамандар вирустан сақтану үшін келесі ережелерді ұстануды ұсынады:
- Жарқанат және өзге жануарлармен тікелей қарым-қатынастан аулақ болу;
- Қолды үнемі сабынмен мұқият жуу немесе антисептик қолдану;
- Тек қайнатылған немесе бөтелкедегі таза суды тұтыну;
- Жануарлармен ластанған болуы мүмкін азық-түлік пен жаңа сығылған шырындарды ішпеу;
- Жеміс-жидек пен көкөністі мұқият жуу және тазарту.
Комитет өкілдері сапардан кейін бас ауруы, дене қызуының көтерілуі, жөтел белгісі байқалса, дереу дәрігерге қаралып, қауіпті аймақта болғанын ескерту керектігін атап өтті.
Әзірге Қазақстанда Нипах вирусын жұқтыру дерегі тіркелген жоқ. Эпидемиологиялық ахуал тұрақты, бақылауға алынған.
Айта кетейік, соңғы кезде Үндістанның Батыс Бенгалия штатында Нипах вирусы өршіді. Қазірдің өзінде 5 адам жұқтырғаны анықталған. Олардың арасында дәрігер, медбике және медицина қызметкері бар.
Нипах вирусы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін де алаңдатып отыр. Индонезия, Вьетнам, Таиланд пен Малайзия да шекаралық бақылауды күшейтуге мәжбүр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да вирустың аса қауіпті екенін мәлімдеп, тұрғындарға сақтық шараларын күшейтуді ескертті.
Бұған дейін біз қауіпті вирустың белгілері туралы егжей-тегжейлі жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

