«Ақ жол» партиясы премьер Олжас Бектеновке шекарадағы түйткілдерді тез арада шешуді талап етті, деп жазады Ertenmedia.
Депутаттық сауалда көтерілгендей, қараша айының соңынан бастап «Бақты» шекара бекетінде жеміс-жидек пен көкөніс тасымалдаушылардың жағдайы күрт қиындаған. Бұған Ауылминге қарасты «Фитосанитария» кәсіпорны директорының бұйрығы себеп болған.
Іле-шала фитосанитарлық бақылау қызметкерлері жүктің жағдайына қарамастан, әр көліктен міндетті түрде зертханалық сараптамадан өтуді талап ете бастаған. Карантиндік бақылаудың алғашқы актісін алу үшін кәсіпкерлер сараптама құнын төлеуге мәжбүр. Депутаттар әлгі әрекеттің ешбір нормативтік негізі жоқ дейді.
Ақжолдықтардың айтуынша, карантинге жататын тауар тек күдік туғанда немесе көзге көрінетін зақым белгісі анықталғанда ғана тексерілуі тиіс. Заңдағы мен мұндалап тұрған нормаларды министрлік өз бұйрығымен өзгерте алмайды.
Зертханалық тексерулердің құны бизнеске ауыр соққы болуда.
«Қазір бір позицияға сараптама жасату бағасы 5 мыңнан 82 мың теңгеге дейін барады. Нәтижесінде, әрбір көлік 200-300 мың теңгеге дейін шығындалып отыр. Сараптама үш күнге созылады, салдарынан қаншама көлік қаңталып, тез бүлінетін өнімдер іріп-шіріп жатыр», — дейді ақжолдықтар.
Бұдан бөлек, депутаттар «Бақты» бекетінде фитосанитарлық бақылауға қажетті қарапайым условиенің жоқ екенін айтады. Сапар барысында олар бекет аумағында құрылыс әлі аяқталмағанын, тоңазытқыш қоймалар мен жабық алаңдардың мүлде салынбағанын көрген. Осындай жағдайда әрбір жүк көлігін толық сараптамадан өткізу туралы талап қисынға келмейді, дейді депутаттар.
Кәсіпкерлердің айтуынша, жергілікті қызметкерлер «Астанадан келген бұйрықты» ауызша ғана алға тартып, оның ресми мәтінін көрсетуден бас тартуда.
Осындай келеңсіздік Қордай ауданындағы «Қарасу» («Чёрная речка») өткізу пунктінде де байқалған.
Кәсіпкерлердің айтуынша, шекарада көліктер рентген арқылы тексеріліп, ешбір бұзушылық анықталмаса да, тауарларды толық түсіруге мәжбүрлейді. Кейін тауарлар уақытша сақтау қоймасына жіберіліп, кәсіпкерлерден түсіру және сақтау үшін шамамен 130 мың теңгеге дейін төлем талап етіледі екен. Бұған ешқандай ресми құжат немесе чек берілмейді.
«Ақ жол» фракциясының депутаттары бұл мәселінің Тоқаев тапсырмасына қайшы екенін қайшы екенін айтып, Үкімет басшысынан «Бақты» бекетіндегі зертханалық сараптаманың заңдылығына құқықтық баға беруді; сараптамаға белгіленген тарифті қайта қарап, оны ашық әрі әділетті негізде бекітуді; Қордай ауданы «Қарасу» бекетіндегі жағдайды жан-жақты зерттеп, алым-салықтың заңдылығын анықтауды сұрап отыр.
«Шығынға батқан кәсіпкерлер ертең бағаны көтеруге мәжбүр болады», — дейді Азат Перуашевтің командасы. Партия «Бақты» бекетінің жағдайын бұған дейін де сөз еткен болатын.
«Шекараның арғы бетінде Қытайдың қарапайым ауылында көк тіреген ғимараттар тұр. Ал бізде шаңы бұрқыраған жол, жалғыз будкасы бар аянышты кеден ғана. Қазақстан мен Қытай арасын екі шақырым емес, екі ғасыр бөліп тұрғандай әсер аласыз», – деген еді «Ақ жол» депутаттары.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Қытайда зәулім кешен, бізде жалғыз будка: «Ақ жолдың» ашуын тудырған «Бақты» бекеті

