Үкімет басшысы Олжас Бектенов министрлер мен әкімдердің шаңын қағып алды. Премьер-министр шетелдік инвесторлармен жұмыстың бәсеңдігін сынап, экономикаға тартылған инвестиция көлемінің жоспарға сай орындалмай жатқанын ашық айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» жолдауында инвестиция тарту мәселесіне ерекше мән берілген еді. Тоқаев 2029 жылға дейін ел экономикасына 150 млрд доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартуды міндеттеді.
Тапсырманың орындалу барысы Бектеновтың төрағалығымен өткен арнайы жиында талқыланды.
Жиын барысында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, облыс әкімдері және бас прокуратура өкілі баяндама жасады.
Министрлік мәліметіне сәйкес, биылғы 9 айда негізгі капиталға тартылған жалпы инвестиция көлемі 13,8 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5 пайызға артық.
Инвестицияның негізгі бөлігі энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен көлік саласына тиесілі.
Өңірлер арасында инвестиция тартудан Астана қаласы, Түркістан және Қарағанды облысының қарқыны күшті. Атырау, Ұлытау және Абай облыстары осы көрсеткіш бойынша көш соңында қалған.
Премьер-министр аталған үш облыстың әкімінің атын атап тұрып, қатаң ескерту жасады.
«Атырау облысында негізгі капиталға инвестиция тарту жоспары небәрі 42,8 пайызға орындалған. Ұлытауда 61,5 пайыз. Мұнда инвестиция бойынша тек ірі компанияларға тәуелділік бар. Орта кәсіпорындармен жұмыс істелмейді. Абай облысында негізгі капиталға инвестиция 70,4 пайыз, шетелдік инвестиция тіпті 26,2 пайыз ғана орындалған. Құрал-жабдықтың жеткізілмеуінен мыс балқыту зауыты мен күнбағыс майын өндіретін кәсіпорын құрылысы кешігіп жатыр. Бұл үлкен кемшілік», – деді Олжас Бектенов.

Ел көлемінде биылдың өзінде 185 инвестициялық жоба іске қосылған, жыл соңына дейін тағы 268 жоба ашылуы тиіс. Биылғы 9 айда ел экономикасына тартылған шетелдік инвестиция көлемі 10,1 млрд доллар.
Дегенмен премьер-министр жылдық жоспардың негізгі капиталға инвестиция бойынша тек 52,7 пайызға орындалғанын, ал шетелдік инвестициялар жоспарының жартысына да жетпегенін айтты.
«Инвестиция тарту мәселесін әкімдер мен министрлер күн сайын өз бақылауында ұстауы тиіс. Инвестиция болмаса, экономикада ешқандай даму болмайды. Жоспарды орындай алмаған өңірдің әкімдеріне инвестиция мәселесіне жауапты орынбасарларын тәртіптік жазаға тартуды тапсырамын», – деді үкімет басшысы.
Жиында инвесторларға арналған инфрақұрылым сапасын жақсарту, әкімшілік кедергілерді азайту, жобаларды уақытылы іске қосу мәселелері де қаралды.
Бас прокуратурамен бірлескен жұмыс нәтижесінде елімізде 380 заңсыз тексеру, 450 әкімшілік іс және инвесторға қарсы шамамен 200 шектеу шарасы жойылған. Бұл қадам экономикаға 19 трлн теңге инвестиция әкелген 1800 инвесторға тікелей қолдау көрсеткен.
Жиын қорытындысында Бектенов мем.органдар мен әкімдерге инвестиция тарту ісін жандандыруды, инвесторларға қолайлы жағдай жасауды және жобалардың орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Берлин мен Астананың үнсіз мәмілесі: Шведт зауыты қазақтардың қолына өте ме

