Қазақстандағы салық реформасынан түскен қосымша қаражат толықтай инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алматы облысына жұмыс сапары барысында премьер-министр Олжас Бектенов осындай мәлімдеме жасады. Үкімет басшысы жаңадан бой көтеріп жатқан Alatau City қаласындағы бірқатар инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалармен танысу үшін келген болатын.
Айта кетелік, қалада 2050 жылға дейін жалпы құны 10,4 триллион теңгеге инфрақұрылым жобалары жүзеге асады. Оның ішінде 2030 жылға дейін 3,1 триллион теңге игерілуі тиіс.
«Инфрақұрылым әрқашан экономикадан бір қадам ілгері жүріп отыруы керек, алайда біз бұл бағытта аздап кешеуілдеп жатырмыз. Бұл жалпы елге ортақ проблема. Мемлекеттік қаржыны тұрақтандыру үшін салық реформасын қолға алғанымызды білесіздер. Содан түскен қосымша қаржы толығымен инфрақұрылымға бағытталады. Ақшаны басқа жаққа шашпаймыз, толықтай экономикаға салынады», – деді Бектенов.
Қала инфрақұрылымын дамытуда тек бюджет қаражаты ғана емес, жеке инвестициялар және EPC-келісімдер (нысанның жобалауын, материалдар жеткізілімін, құрылысын және іске қосылуын толық қамтитын келісімшарт түрі) кеңінен қолданылмақ.
Премьер Alatau City сәулеті адамға қолайлы әрі бизнесті дамытуға ыңғайлы болуы керектігін бірнеше рет қайталап айтты.
Үкімет басшысы Alatau City Authority қорына және Алматы облысы әкімдігіне инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және инвестиция тартуға, сондай-ақ индустриялық, логистикалық және инновациялық жобаларға тиімді жағдай жасауға мемлекеттік қолдау шараларын жандандыруды тапсырып кетті.
Алматы түбінде бой көтеріп жатқан Алатау қаласы туралы біз аз жазған жоқпыз. Бұған дейін президент Тоқаев қалаға айрықша мәртебе берген маңызды құжатқа қол қойған.
Салық саясаты? Айта кетелік, бұған дейін Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өзін «жаңа салық реформасының әкесі» деп атаған еді. Шендінің қымбатшылық болмайды деген болжамы орындалмай, жаңа жыл бастала саласымен барлық жерде баға күрт көтеріліп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

