Президент Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновке апта соңына дейін экономикалық реформаның кем-кетігін түзету жоспарын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Президент бағдарламадағы басымдықты шағын және орта бизнесті қолдауға, халықтың табысын арттыруға бағыттауды міндеттеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, экономикалық саясат негізінен ел мүддесі мен жаһандық трендке сай келеді.
Дегенмен бағдарламаның нақты орындалуын шағын бизнесті көтермелеуге, инвестициялық ахуалды жақсартуға және жалпы экономиканы сауықтыруға бейімдеу керек.
Бұған дейін Ertenmedia-ға пікір білдірген экономист Расұл Рысмамбетов биліктің кедейлікпен күрес стратегиясы жұмыс істемейтінін айтқан.
«Халықта капитал жоқ. Тіпті үтік пен шәугімге дейінгі шағын дүниені де кредитке алатын болдық. Қымбат зәулім үйлер аңырап-қаңырап тұр. Оған көшіп барады-ау деген орта таптың табысы ортайып қалған. Тапқан табысыңның тең жартысын тамаққа жұмсау, шыны керек трагедия», — деген еді ол.
Бірер ай бұрын Тоқаев жаңа Салық кодексіне қол қойған.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап құжатқа сәйкес қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеріліп, жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіліп, «байлыққа салынатын салық» пайда болады.
Кодекс қабылданған соң бизнес өкілдері оның тәуекелі жоғары екенін мәлімдеді. Сарапшылар кәсіпкерлер үшін алдағы жылдар «тіршілік үшін күрес кезеңіне» айналатынын айтуда. Жаңа салық саясаты бухгалтерияны қиындатып, шығынды арттырып, микробизнеске ауыр соққы болмақ. Көптеген шағын кәсіпкер жеңілдетілген режимнен айырылуы мүмкін.
Ұлттық экономика министрлігінің болжауынша, жаңа кодекс күшіне енген соң 300 мыңдай компания жұмысын тоқтатады. Үкімет бұған бизнестің жаппай жабылуын нарықтағы «табиғи тазалану» деп баға беріп отыр.
Биыл елдегі инфляцияның екі таңбалы көрсеткішке жетуі халықтың нақты табысын төмендетіп жіберген.
Halyk Finance сарапшыларының есебінше, Қазақстандағы жалдамалы жұмысшылардың жартысынан астамы орташа жалақыдан төмен табыс табады, ал тұрғындардың жалпы шығынының 52,5 пайызы тек азық-түлікке жұмсалады.
Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжановтың дерегінше Қазақстанда кедейлік деңгейі соңғы он жылда екі есеге жуық өскен. 2015 жылы халықтың 2,7 пайызы кедей деп есептелсе, 2024 жылдың соңында бұл көрсеткіш 5,1 пайызға жеткен.