Салық кодексінің жобасы талқылау қорытындысы бойынша 20 ақпанға дейін Мәжілістің қарауына жіберіледі. Мұндай тапсырманы премьер-министр Олжас Бектенов берді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Үкімет басшысы осы аптада кәсіпкерлердің, сарапшылардың, мәслихат депутаттарының қатысуымен өңірлерде талқылау өтетінін мәлімдеді. Талқылау қорытындысы бойынша Салық кодексінің жобасы Мәжілістің қарауына енгізіледі.
«Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен кездесуде бизнес өкілдерімен, депутаттармен, сарапшылармен салық реформасы мәселелерін мұқият талқылауды тапсырды. Талқылаулар мен қажет келісу процедураларын аяқтап, 20 ақпанға дейін Салық кодексі жобасына және оған ілеспе заң жобасына өзгерістерді Мәжіліске жіберу қажет», — деді Бектенов Үкімет отырысы кезінде.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды.
«Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет», — деді Президент.