Атышулы «Kazakh Invest» тағы сүрінді. Ашуға мінген Бектенов инвесторлардың тағдырымен ойнауды доғаруды талап етті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов инвестициялық жобалардың орындалмауы мен бюрократиялық бөгеттер үшін ұлттық компания мен өңір әкімдіктерін қатаң сынға алды.
Аймақтарға нақты іске асыруға жіберілген 25 ірі жобаның үшеуі ғана белсенді жүріп жатыр. Қалған жобалардың тағдыры белгісіз күйде қалған.
Осы орайда KAZAKH INVEST басқарма төрағасына ескерту жарияланды.
Премьер инвестжобалардың тұралап қалған мәселесін үш күн ішінде шешуді тапсырды. Нәтиже болмаса, кінәлі тұлғаларға қатысты тәртіптік шара қолдану мәселесі қаралады.
Инвесторларға әдейі кедергі келтірген лауазымды тұлғалар туралы барлық деректер Бас прокуратураға жолданды.
2026 жылға Қазақстанға 25,5 млрд доллар шетелдік инвестиция тарту, негізгі капиталға құйылатын қаржы көлемін 31,5 трлн теңгеге жеткізу міндеті қойылған. Инвесторлар құқығын қорғау мақсатында Бас прокуратурада арнайы комитет құрылып, инвест-прокурор қызметі іске қосылды. «Прокурорлық сүзгі» арқылы мемлекеттік органдардың мыңнан астам негізсіз талабы қайтарылып, заңсыз деп танылған 400 тексеру тоқтатылды.
Олжас Бектенов инвесторлардың айлап құжат ала алмай, бюрократиялық шырғалаңнан ел экономикасына орасан зиян келгенін ашық айтып отыр.
Үкіметбасының елдегі инвест саясатқа көңілі толмауы алғаш рет емес. Бұған дейін Бектенов үш өңірдің әкіміне қатаң ескерту жасап, шаңын қағып алған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

