Қазақстанда АИ-92 бензинінің бағасы мемлекеттік реттеуден шыққанымен, ел күткен бағаның күрт қымбаттауы байқалмады. Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов 1 сәуірден бастап нарықтық жағдайда жұмыс істей бастаған жанармай бағасы тұрақты қалып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаркешов қазіргі таңда елде бензин мен дизель тапшылығы жоқ екенін, нарықтың толыққанды қалыптасқанын айтты.
«Қазір нарық бағасы сұраныс пен ұсыныс негізінде реттелуде. Елде бензиннің де, дизель отынының да қоры жеткілікті әрқайсысы 600 мың тоннадан асады. Сондықтан бағаның күрт көтерілуіне еш негіз жоқ», – деді вице-министр.
Сондай-ақ, ол бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін жағдайды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, сондай-ақ өңірлердегі арнайы штабтар мұқият бақылап отырғанын атап өтті.
«Қор жеткілікті болғандықтан, баға да тұрақты. Жанармай бағасының жөнсіз өсуі байқалмайды. Бұған Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен өңірлердегі арнайы бақылау топтары жауапты. Олар бағаның кенеттен әрі негізсіз көтерілуіне жол бермейді», – деді Жаркешов.
Вице-министр мемлекет үшін халықтың төлем қабілетін қорғау мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бірінші кезекте екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрлігі мораторий аяқталғаннан кейін жанармай бағасының күрт өспейтініне уәде берген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







