Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке шабуыл жасады деп айыпталған Ернар Жиембайдың ісіне қатысты сот процесі басталды деп жазады Ertenmedia.
Әкімдікке қарасты «Тұрғын үй Шымкент» серіктестігінің директоры қызметін атқарған Жиембайдың қылмысқа баруына не себеп болғаны тергеу материалында егжей-тегжейлі баяндалды.
Еске салсақ, 21 сәуір күні кешке әкімдік ғимараты алдында атыс болып, қала әкімінің орынбасары Руслан Берденов ауыр жараланған еді.
Айыпталушы Ернар Жиембай екі баланың әкесі, бұрын жауапты қызмет атқарған. Тергеу мәліметіне сәйкес, қанды оқиғаға Берденовтің бұйрығы бойынша Жиембайдың жұмыстан қуылатыны туралы хабар түрткі болған.
«Жұмыстан босайтынын естіген Жиембай қатты күйзеліске түседі. Көңіл-күйі алай-түлей қалпында бір шөлмек шарап сатып алып, оның көлігінің ішінде тауысады. Кейіннен үйінен аңшы мылтығын алып, әкімдік ғимаратының алдына келіп, көлікте күтіп отырған. Берденов сыртқа шыққанда Жиембай оған қарай беттеп, бес рет оқ атқан», – деді прокурор айыптау актісін оқи отырып.
Жерде жатқан Берденовке алтыншы рет оқ атпақ болып оқталған Жиембайды әкім орынбасарының жүргізуші көлікпен қағып, тоқтатқан. Берденов ауыр жараланып, көп қан жоғалтқандықтан, дәрігерлер оның өмірі үшін бес сағаттан астам уақыт бойы күрескен.
Оқиға орнында ұсталған Жиембайдың әрекетіне қатысты бастапқыда басқа нұсқа тараған еді. Полицияның әуелгі ақпарында мұндай қылмысқа баруға қызғаныш себеп болғаны айтылған болатын.
Алғашқы нұсқа бойынша Жиембай Берденовке мылтық кезеніп, «ол менің әйеліме көз қырын салды» деп айғайлаған.
Алайда кейіннен Жиембайдың жұбайы шенеунікті мүлде танымайтынын мәлімдеді. Күдіктінің әкесі Жиембай Пірәлиев те келінінің бұл іске қатысы жоқтығын айтып, бұл іске әулет мүшелерін араластырмауды сұрады.
Не де болса, қылмыстық істің ақ-қарасын сот анықтайды. Ұзақ емделген қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтен сотта бірінші болып жауап алынбақ.