Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков бұрынғы орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысы бар деген қауесетті жоққа шығарды, деп жазады Ertenmedia.
Брифинг барысында журналистердің сұрағына жауап қатқан қала басшысы әлгі іске өзінің ешқандай қатысы жоқ екенін, мұндай әңгімелердің негізсіз өсек-аяң екенін жеткізді.
«Біз құқық қорғау органы емеспіз. Сот өз үкімін шығарды, кінәлі адам жазасын алды. Ал осы іске менің қатысым бар деген сөздің бәрі жала. Әлбетте адам өзін қорғау үшін түрлі нәрсені айта береді. Осы тұста әңгіме тәмам болуы керек еді. Сот шешімін шығарды, болары болып, бояуы сіңген мәселені қайта-қайта қозғаудың қажеті жоқ», – деді әкім.
Сыздықбековтің айтуынша, орынбасары Руслан Берденов қала әкімдігінде небәрі бір-ақ ай қызмет істеген. Сондықтан оның келуімен Шымкент гүлденіп сала берді деген пікірлер негізсіз екенін атап өтті.
«Жұрт арасында неше түрлі әңгіме жүр. Мысалы ол келе сала қала көркейе бастаған дейді. Бұл енді шындыққа жанаспайды. Ол енді ғана міндетіне кірісіп жатқан еді. Ар жағы не болғанын өздеріңіз білесіздер. Әркімнің өз пікірі бар», – деді қала басшысы.
Еске салсақ, атышулы оқиға биыл сәуірде болған еді. Қалалық әкімдік ғимаратының алдында «Тұрғын үй Шымкент» мекемесінің басшысы Ернар Жиембай Берденовке оқ атқан. Кейінірек әлгі әрекетін қызғаныштан жасағанын мәлімдеген болатын. Сот процесі барысында Жиембай өзін әкім Сыздықбековке қарсы айғақ беруге мәжбүрлегенін айтқан.
«Ең қызығы, менен осы істі біреудің бұйрығымен жасадым деп көрсетуді сұрады. Әкім өзінің орынбасарын «тапсырыс» беріп өлтіртпек болды деген жалған нұсқаны айтқызғысы келді. Сөйтіп мені әлдебір киллер ретінде көрсетуге талпынды. Оның өтеуі ретінде түрмеде ұзақ аялдамасымды айтып, «Берденов сені о дүниеден де алып шығады» деді», – деген болатын Жиембай.
Оның сөзінше, Берденов егер ол «қастандықты әкім ұйымдастырды» деп куәлік берсе, кешіретінін айтқан көрінеді. Сот Жиембайды 9 жылға бас бостандығынан айырды. Ажалдан аман қалған Берденов артынга Алматыға ауысып, әкімдікке қарасты Даму орталығын басқаруға кірісті.
Шымкент әкімдігі Берденов-Жиембай жанжалынан әуелден іргесін аулақ салған. Ertenmedia әкімнің атышулы оқиғаға саяси реңк беруден бас тартып, екі тарапты теңдей алыстатқаны туралы сараптама әзірлеген еді. Толығырақ осы тұста.
«Әйеліңді араластырма!». Берденов пен Жиембай сотта бетпе-бет келді
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

