Жуырда Бергей Рысқалиев әлеуметтік желіде тағы да жылт етті. Бұл жағдай сарапшылардың ойын сан-саққа жүгіртті, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Бергей Рысқалиев 2012 Атырау облысының әкімі қызметінен босатылып, шекара асты. Деректерге қарағанда, ол Лондонда тұрады.
«Ағайынды Бергей мен Аманжан Рысқалиевтердің төңірегінде түсініксіз жайттар көп болған. Олар шетел аса салып-ақ Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, марқұм Рахат Әлиев Рысқалиевтерді өлтіріп тастады деп жар салып еді. Алайда бұл жалған болып шықты. Рысқалиевтердің үстінен қозғалған қылмыстық істе де көпшілік білмейтін құпия аз емес. Алдымен сот үкімі арқылы олардың дүние-мүлкі тәркіленді. Артынша Бергейдің біраз дүниесін өзіне қайтарып берді. 2019 жылы Бергей Рысқалиев 17 жылға, оның ағасы Аманжан Рысқалиев 16 жылға Қазақстанда сырттай сотталған болатын. Айыптау актісіне сәйкес, Бергей Рысқалиев мемлекетке 72 млрд. теңге зиян келтірген. Оппозициялық журналист болған Ермұрат Бапи кезінде Бергей Рысқалиевтің Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы компроматы бар деп мәлімдегені де есте. Желіде Атыраудың экс-әкімі, саясаткер Бергей Рысқалиевтің Лондондағы Назарбаев тұрған үйді аралап жүрген видеосы таралғаны бар. Өз сөзінде Рысқалиев «диктатор Назарбаев қазақтардан қашып кетті. Ол қазақтың жауы. Нөмірі бірінші ұры» дейді… Назарбаевқа сырттан қоқан-лоқы көрсеткені тағы бар. Бергей Рысқалиев Назарбаев әулетімен әлде Жаңа Қазақстанның билігімен сырттан күрес жүргізуде ме? Әзірге түсініксіз», — деп топшылады Bilgen Durys арнасы.
Еске салайық, бұған дейін де инсайдерлер Рысқалиевтерде Назарбаевқа қандай компромат бар екенін айтты. Бұл жағдайды зерттеп жүрген инсайдерлердің сөзінше, Рысқалиевтердің қолында Назарбаевтың үшінші әйелі Әсел Исабаеваға қатысты компромат бар.
Айта кетейік, 2013 жылы Рысқалиевтер бюджет қаражатын жымқырып, қылмыстық топ құрды деген күдікке ілінді. 2019 жылы Бергей 17 жылға, ағасы Аманжол 16 жылға сырттай сотталды.