Абай облысының әкімі Берік Уәли облыстық мәслихат депутаттарымен кездесті. Кездесу барысында өңірдегі өзекті мәселелер талқыланып, аймақтың дамуына қатысты ұсыныс-пікірлер ортаға салынды,— деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Кездесуде сөз алған облыс әкімі алда ауқымды міндет тұрғанын, межеленген жоба-жоспарлар көп екенін, бұл ретте мәслихат пен жергілікті биліктің қоян-қолтық жұмыс істеуінің маңызы зор екенін атап өтті.
«Шәкәрім атамыздың «Адамдық борышың – халқыңа қызмет қыл» деген терең мағыналы сөзі әрбіріміздің азаматтық ұстанымымызға айналуы тиіс. Бүгінгі таңда өңіріміз үшін жауапкершілік жүгі зор. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, облысымыздың тұрақты дамуын қамтамасыз ету – ортақ парыз. Қазақ руханиятының алтын бесігі саналған, еліміздің тарихи орталығына айналған қасиетті Семейдің өсіп-өркендеуіне бәріміз бірлесе үлес қосуымыз қажет»,- деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі өңірде бұған дейін басталған жұмыстың барлығы жалғасатынын, әсіресе ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм, көлік-логистика салаларына, инвестиция тартуға, инфрақұрылымдық жобаларға ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. Аймақтың туристік әлеуетін көтеру үшін алдағы уақытта Туризм басқармасы құрылады. Облыстың логистикалық мүмкіндігін арттыру үшін айналма жолдарды салуға басымдық беріліп, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі, басқа да құрылымдар арқылы қаржы тартуға ден қойылатынын айтты.
Депутаттар өңірдің ауыл шаруашылығын көтеруге, шағын қалаларды дамытуға, облыс орталығындағы көшелерді абаттандыруға, Семей сынақ полигонының зардаптарын жоюға, ауылдарға медициналық мамандарды тартуға қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Облыс әкімі кездесудегі ұсыныс-пікірлер ескеріліп, қазір әзірленіп жатқан өңірдің арнайы кешенді бағдарламасына енгізілетінін атап өтті.
«Өздеріңізбен бірлесіп қолға алатын жұмыс көп. Қазір шет елдік, отандық инвесторларды шақырып, күнделікті қабылдап жатырмын. Семейге бес жұлдызды қонақүй салу бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз. Алғашқы келісім бар. Депутаттардың арасында кәсіпкерлердің де бар екенін жақсы білемін. Сіздерді Семей қаласының гүлденуіне, көркеюіне атсалысуға шақырамын. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында туған жерді түлетуге үлес қосыңыздар. Облысымызды бірлесе өркендетейік»,- деді облыс әкімі.