Абай облысындағы кадрлық ауыс-түйіс өзінің апогейіне жетті. Комфорт зонадан шыққысы келмейтін жергілікті шенділерден Берік Уәли келгелі мүлде маза кеткен,– деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Кеше ғана әлемжеліде Семей әкімі Талғат Мұратовтың креслосын босатып, оның орнына орынбасары Бекжан Бапышевтың уақытша әкім болғаны туралы сыбыс тарады.
Әшкереге жеткен мәлімет бойынша, Тәкең отпускіге тартып кеткен, тағы бір дереккөзіміз Мұратовтың сырқатына байланысты «бәлничкаға» шыққанын хабарлап отыр. Шыны керек, екі аргумент те көңілге қонымсыз. Соған қарағанда Мұратов сол кеткеннен мол кеткен тәрізді… Берік Уәли келгелі екі ай ішінде облыс аппаратындағы бұрынғы әкім тағайындаған шенеуніктердің біразы қызметімен қош айтысты. Бізге жеткен тағы бір мәлімет бойынша, Уәли өз ісіне жетік менеджерлерді орнынан қозғаған жоқ. Есесіне, өз жұмысына жүрдім-бардым қарайтын шенділер көресіні көруде. Берік Уәлидің сын садағына ілгерідегі Талғат Мұратов та ілінген еді. Облыс басшысы Семейдің тазалығы мен абаттандыру жұмысын қатаң сынға алғаны ел есінде.
«Семей шаң-тозаңға көміліп тұр, бұған әбден етіңіз үйреніп кеткен. Қаланы таза ұстау қала әкімінің тікелей міндеті», — деген болатын Уәли.
Әлбетте, Семейдің проблемасы тек шаң-тозаңмен шектелмейтіні анық. Жылына 700 мың көлік ерсілі-қарсылы ағылатын Семей көпірінің жөндеу көрмегеніне 25 жыл болған… Жуырда ғана облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген жиында Уәли осы мәселе бойынша тағы біраз шенеунікті бұрышқа тұрғызған еді. Соған қарағанда өңірдегі кадрлық тазалық жұмыстары әлі де жалғасатын сыңайлы. Облыс басшының талабы мен темпіне ілесе алмаған тағы бірсыпыра шенеунік көп ұзамай жұмыссыз қалатын түрі бар. Өз кезегінде Абай өңірінің аудиториясы Берік Уәлидің әрекетін оң бағалап отыр. Айта кетелік, бұған дейін Уәлидің екі шенеунікті ел алдында жұмыстан қуып, жетеуіне сөгіс бергенін егжей-тегжейлі жазғанбыз.