Германия сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль 11 ақпан күні Берлинде Орталық Азия елдерінің сыртқы саясат ведомство басшыларымен кездеспек деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Reuters агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, тараптар энергетика саласындағы ынтымақтастық пен Ресейге қарсы санкцияларды айналып өту мәселесін талқылайды. Неміс тарапының санкцияға ерекше екпін түсіріп отырған себебі бар.
Жақында Еуроодақтың экономикалық шектеулерге арналған 20-пакеті жарияланады деп күтілуде. Онда алғаш рет Орталық Азияның кей мемлекеттері, әсіресе Қырғызстан тікелей қамтылуы мүмкін.
Мысалы, қырғыздың Keremet банкі мен мемлекеттік Capital Bank криптовалюта қызметі арқылы Ресейге қолдау білдіргені үшін санкция тізіміне ілігуі ықтимал. Сонымен қатар, аймақтағы кейбір компаниялар Ресейге қос мақсатта пайдаланылатын тауар жеткізеді деген күдікке ілінген.
Германия СІМ-і Йоханн Вадефульдің Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан сыртқы істер министрлерімен кездесетінін растады. Алайда санкция тізімінің Орталық Азия елдеріне қарай кеңеюін Берлиннің қолдайтыны не қолдамайтыны әзірге айтылмады.
Министрлік Орталық Азияны Германияның энергетика, шикізатпен қамту және климаттық саясат салаларындағы маңызды серіктесі деп бағалайды.
Неміс үкіметінің Қазақстаннан жеткізілетін шикізатқа қызығушылығы ерекше жоғары. Кездесу барысында Еуроодақтың стратегиялық маңызды шикізат қорын жасақтауға бағытталған RESourceEU бағдарламасы да сөз болуы ықтимал.
Айта кетелік, Ермек Көшербаев үш-төрт күн бұрын ғана Уашиңтоннан оралған еді. Сыртқы істер басшысы сирек металға қатысты маңызды келісімге қол қойып қайтқан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

