Мәжілісі депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Нұрлан Әуесбаев билікте әлі де «әке-көкенің балалары барын» айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Депутат 30 жыл билікте отырғандардың балалары әлі де шенді қызметте екенін жеткізді.
«Қазір дұрыс реформалар басталып жатыр. Оны іске асырайын деп мынаған айтсаң, мынау — сол баяғы көкенің баласы, анау — сол баяғы көкенің баласы. …Өйткені бұрынғы жүйеде қалған адамның өзі болмаса да көлеңкесі, баласы, бірдеңесі әйтеуір сол жерде. «Көкенің балалары» көп жерде, барлық жерде бар. Ол — табиғи нәрсе. Бізді 30 жыл басқарған адамдар бір күнде бір жаққа ұшып, жоқ болып кетпейді», — дейді депутат Bai_media-ға берген сұхбатында.
Депутат парақорларға қатысты мәселені көтеріп, әлем елдерінен мысал келтірді.
«Коррупция қаупі бар аймақтардың бәрін тексеріп, қылмыскелерді ұстап, соттағаннан кейін біршама болса да аяғын тартып, азаяды екен деп ойлағанмын. Кейбір жерлерде керісінше болып жатыр. Одан сайын асып бара жатыр. Біздің жасап жатқан реформаларымызға, бағытымызға мойынсұнбай тұрған адамдар көп.
Соғыстан бұрынғы жылдары Германияда адамдар автобусқа мінгенде ақша төлемей жүрген деген әңгіме бар. Содан кейін бір күнде тексергенде, билетке төлемегендерді далаға шығарып, атып тастаған. Рас-өтірігін, сондай әңгіме бар. Неміс халқы өте тәртіпті халық қой. Қытайда да қылмыс жасағандарды атып тастау, басқа бар.
Кейде соншалықты ашу-ызаға булыққанда үлкен қылмыс жасағандарды, парақорларды халықтың алдында атып тастаған дұрыс шығар деп ойлайсың. Екінші жағынан демократиялық қоғамға барғымыз келді. Бірақ оған кедергі көп болып жатыр», — деді ол сұхбатта.