Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Ескі Қазақстан неліктен әлі күнге «тіс қайрап отырғанын» айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Оның сөзінше, қазір қоғамды теңселтуге, әлдебір протестік қозғалыстар тудыруға мүдделі топтар бар.
«Ежелден келе жатқан оппозициялық күштерді айтпағанның өзінде, көршілер тарапынан Қазақстандағы саяси жағдайларға, басқа да жағдайларға әсер етуге тырысатын сыртқы күштер бар. Көршілер деп айтайын. Одан кейін өз ішімізде өшпенділігі қалған, кек тұтып жүрген саяси топтар бар. Ресми саяси топтар емес, астыртын жұмыс істеп жатқан топтар. Одан кейінгі негізгі күш — Ескі Қазақстан. Бұл күштің әлеуеті де, қаржылық-материалдық жағдайы да жоғары, адами ресурстары да күшті, қазіргі технологияны, интернет ресурстарды пайдалану мүмкіндігі де жоғары. Сондықтан бұл күштерді де назардан шығаруға болмайды, бірінші кезекте атау керек», — деді депутат Orda life-қа берген сұхбатында.
Саясаткер «бұл халықты қорқыту ма?» деген сауалға жауап берді.
«Бұл халықты қорқыту емес. Негізінде әркімнің сөз бостандығы бар, еркі бар. Тәуелсіз елде тұрамыз. Бірақ біздің сөз бостандығымыз мемлекеттігімізге, ұлттық бірлігімізге, елдігімізге әсер етпеуі керек. Жалпы ұлттық қауіпсіздігімізге, қорғаныс қауіпсіздігімізге әсер ететін, елдігімізді ыдырататын, соған ықпал ететін сөз бостандығы бізге қажет емес. Елде қалыптасқан соңғы 1-2 жылдың ішінде қаулап өсіп келе жатқан, әсіресе, Telegram мен WhatsApp-та чаттар бар. Оның бірқатарына өздері шақырады. Осы саясаттың төңірегінде жүргеніме 30 жылдың ар жақ-бер жағы болды. Сондықтан контенттен, қатысушылардың сөз саптауынан қай жақтан «жел соғып тұрғанын», кімдердің ықпалы бар екенін, сөз астары деген дүниені түсінетін жасқа жеттік…», — дейді ол.
Депутаттың айтуынша, Ескі Қазақстан Астанада бір чат құратын болса, ол чаттың Өскеменде, Таразда, Павлодарда облыстық филиалдары пайда болады да, сол арқылы орталықтан жіберілген ақпарат өрмекшінің торы сияқты жан жаққа тарап кетеді.
«Қалыптасқан билікке қарсы әрекеттің астарында зығырдан жатыр, өшпенділік, кек алушылық жатыр. Қайткенде де осы билікті құлатып, орнына әлдебіреулердің келуіне ықыласты бір топтар жатқан сияқты көрінеді. Әрине, билікті сынау керек, «билікті сынама» деген сөз жоқ. Бірақ сынның арғы жағында жауапкершілік болуы керек. …Бұл жерде қауіп қылып айтқаным: қазір Ескі Қазақстан технологияны пайдаланып, коммуникацияны пайдаланып, осындай әрекеттерді бастап жатыр. Нақты тұлғалардың атын атап, түрін түстемей-ақ қояйын. Олардың арасында 50-дің ар жақ-бер жағындағы жастары бар. Олар биліктен кеткенімен, үйінде бос жатқан жоқ қой «, — деді Бапи сұхбатында.
Сондай-ақ, Ермұрат Бапи Мәжілісте өзімен бірге отырған «Ринат Зайытов, Абзал Құспан, Мақсат Толықбай секілді депутаттар билікке ұнамай қалды ма?» деген сауалға жауап берді.
«Билік — жалпы ұғым, биліктің ішінде атқарушы билік бар, заң шығарушы билік бар, сот билігі бар. Әрине, саяси алаң болғандықтан, сөздің тартысы, ойдың тартысы болады ғой. ҚҚС-тің 20 пайыздығы деген мәселеге де келетін болсақ, заң жобасы Парламентке келетін болса, жеңіл-желпі өтіп кетеді деп ойлаймын. Ертеңгі күні «сен қайда болдың?» деген тұрғыдан әрқайсымыздың алдымыздан шығатын тақырып. Тоқаев бизнесмендермен жиында «тағы талқылау керек, қарастыру керек» деді ғой. Ол кісі жылмағайлатып айтқан түрі деп ойлаймын»», — дейді депутат.