Жетісу облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты кітаптың тұсаукесері өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Талдықорған қаласында өткен мерейлі шараға Жетісу облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктер жетекшілері мен өкілдері қатысты. Соныман қатар жиыннан белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен жастарды көрдік. Жиынға жиналған көпшілік үшін бұл күн тек мереке ғана емес, ел бірлігі мен ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретін тарихи оқиғаға айналды.
Отыз жылдық жол
Облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов облыс басшысы атынан шара қонақтары мен қатысушыларды құттықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясының елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы маңызды рөліне ерекше тоқталды.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы аралықта бұл ұйым еліміздің тұрақтылығы мен татулығын сақтауда ерекше миссия атқарып келеді. Бүгін тұсауы кесіліп отырған «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты тарихи кітап пен «Оқылмаған хаттар» көркем фильмінің премьерасы халқымыздың бірлігін, ынтымағын одан әрі нығайтуға қызмет ететін аса маңызды мәдени-рухани шаралар, – деді облыс әкімінің орынбасары.
«Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» тарихи кітабында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихы жан-жақты қамтылып, ұйымның қалыптасу кезеңдері мен ел бірлігі жолында атқарған істері кеңінен сипатталған. Сонымен қатар Жетісу өңірінде этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтауда жинақталған бай тәжірибе мен нақты мысалдар арқылы көркем жеткізілген.
Ассамблеяның асқақ миссиясы
Ал «Оқылмаған хаттар» атты көркем фильм көрермен қауымның жүрегіне жол тауып, терең ой салды. Бұл туынды ел ішіндегі бірлік, татулық пен адамгершілік құндылықтарын дәріптеп, өткен мен бүгіннің сабақтастығын ерекше сезіндірген мазмұнды әрі әсерлі кинофильм болды. Премьерадан кейінгі құттықтау рәсімінде көпшілік фильмнің жоғары деңгейде түсірілгенін атап өтіп, авторларға алғысын білдірді.

Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Жетісу облысында этносаралық қатынастарды нығайтты. Бұдан басқа елдегі қоғамдық тұрақтылықты сақтауға бағытталған ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жүргізілген болатын. Мерейтойлық жылда жалпы саны 561 шара өткізіліп, оған 64 924 адам белсене қатысқан.
Өңірде ұйымдастырылған бүгінгі шараның маңыздылығын сала мамандары да ерекше бағалады. Бұл бастама халықтың бірлігі мен татулығын одан әрі нығайтуға бағытталған нақты әрі нәтижелі қадамдардың бірі ретінде тарихта қалатыны анық.
Осы ретте Жетісу өңірі жаңартылатын энергия мен логистикада өңіраралық хабқа айналып келе жатқанын айта кетуіміз керек.

