Бүгінде Қазақстанда жер қойнауын игеру бойынша көмірсутек шикізатын барлау мен өндіру саласында 321 келісімшарт жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар көмір өндіруге қатысты 36 келісімшарт қолданыста, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ресурстарды басқарудың тиімділігі 2025 жылы өткен аукциондардың нәтижесімен дәлелденді. Аталған жылы 6 жер қойнауы учаскесі 1,2 млрд теңге көлеміндегі қол қою бонусымен іске асырылып, олардың геологиялық барлау жұмыстарына құйылған бастапқы инвестиция көлемі 45,5 млн АҚШ долларын құрады.
Жер қойнауын игеруде отандық тауарлар мен қызметтердің үлесін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылуда. 2025 жылдың қорытындысына сәйкес, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы жергілікті қамту үлесі 65 пайызға жетті. Ақшалай баламада бұл көрсеткіш 3 трлн теңгені құрады. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы жергілікті қамту үлесі 61,9 пайыз болған еді.
Сондай-ақ елімізде ірі операторлардың ұзақ мерзімді қажеттіліктерінің 80%-ын қамтитын 19 тауар тобы бойынша өндірісті оқшаулау бойынша елеулі жұмыстар атқарылуда.
Осы стратегия аясында 2022-2025 жылдар аралығында халықаралық инвесторлармен 25 келісімге қол қойылды. Нәтижесінде әлемдік деңгейдегі Honeywell, PetrolValves, WIKA және Schlumberger сияқты брендтердің жоғары технологиялық жабдықтарын елімізде өндіретін 9 кәсіпорын ашылып, өндірісті сәтті түрде оқшаулады.
Қазіргі таңда мұнай-газ секторына аса қажетті тауарларды шығаруға бағытталған бірқатар жаңа өндірістерді Қазақстан аумағында оқшаулау бойынша ауқымды жобалар қолға алынған. Бұл жұмыстарға Chemelex (АҚШ), John Crane (АҚШ), Hi Air Korea (Корея), Baker Hughes (АҚШ), KazWell Systems (Қазақстан/Бразилия), Terranova Srl (Италия), Swagelok (АҚШ), Slb (АҚШ), Siemens (Германия) секілді әлемге танымал өндірушілер тартылып отыр.
Мұндай жобалар ел экономикасын нығайтып, өндірістік әлеуетті арттырып қана қоймай, жергілікті мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге де жол ашады. Сонымен бірге, отандық өнімдердің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Ерлан Ақкенженов Қазақстанның отын-энергетика кешенінің 2025 жылғы даму қорытындысын жариялады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







