Түркістан облысы Жетісай ауданындағы Алғабас ауылында алапат өрт шығып, 12 адам қаза тапты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қайғылы жағдай бүгін таңсәріде болған. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде екі қабатты тұрғын үй толығымен отқа оранып үлгерген. Құтқарушылар қызыл жалынның ішінен ес-түссіз жатқан үш адамды алып шығып, жедел жәрдемге тапсырды.
Үйдің ішінен 12 адамның мәйіті табылды, олардың тоғызы бала. Көршілердің айтуынша, қайғылы оқиға болардың алдында үйде қонақтар болған, тұрғындар кешкісін жиын өткізген екен.
Өрт 360 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді. Қазір оқиға орнында төтенше қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның себептері анықталуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы Үкімет пен Түркістан облысының әкімдігіне зардап шеккен отбасыларға жан-жақты көмек көрсетіп, оқиғаның себебін мұқият зерттеуді тапсырды.
«Өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы» бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Балалар құқығы жөніндегі омбудсмен Динара Закиеваның айтуынша, үйде екі отбасы ата-аналар балаларымен бірге болған. Өрт кезінде үйдің шатыры опырылып түскен.
Апаттан аман қалған екі ересек пен бір бала жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы ауыр болғанымен, тұрақты деп бағалануда.
Президент тапсырмасымен Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамында Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек министрліктері мен жергілікті әкімдік өкілдері бар.
Комиссия оқиғаның мән-жайын толық анықтап, зардап шеккен отбасыларға медициналық, психологиялық және әлеуметтік жәрдем көрсетеді. Облыс әкімдігіне марқұмдарды жерлеуді ұйымдастыру тапсырылды. Аймақ басшысы қаза болғандардың жақындарына көңіл айтты.

