Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қызметіне тағайындалғанына бір жыл толды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осы кезең өңір үшін мазмұнды бастамаларға, ауқымды жобаларға және нақты нәтижелерге толы болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылға арналған Жолдауында айқындалған жаңа басымдықтар облыс дамуының негізгі бағыт-бағдарына айналды.
Өңір экономикасы жаңа ырғаққа көшті
Президент тапсырмасына сәйкес, өңірде экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, кәсіпкерлік саласы алға басып келеді. Сонымен қатар жасанды интеллект пен IT саласын дамыту, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту, адами капиталды күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүріп жатыр.
Бір жылдың ішінде Түркістан облысының дамуында бірқатар маңызды жетістіктер мен оң өзгерістерге қол жеткізілді. Облыста экономикалық әртараптандыру жұмыстарының нәтижесінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 8,7%-ға артып, өңдеу өнеркәсібінде 12 жаңа кәсіпорын іске қосылды. Жаңа өндіріс орындары арқылы 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.
Өңірге тартылған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 23%-ға өсіп, 450 миллиард теңгеден асты. Шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен ірі жобалар жүзеге асырылып, әсіресе агроөнеркәсіп кешені мен туризм саласында қарқынды даму байқалды. Ал Сарыағаш ауданында жылыжай шаруашылықтарының көлемі ұлғайып, облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 15%-ға артты.
IT және жасанды интеллект саласындағы бастамалар ерекше назар аударуға тұрарлық. Түркістан қаласында «Smart Turkistan» цифрлық орталығы ашылып, онда жас мамандар жаңа инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда облыс бойынша 50-ден астам мектепте цифрлық технологиялар мен робототехника кабинеттері іске қосылды. Сондай-ақ, облыс орталығында жаңа технопарк пен стартап-хаб ашылды.
Түркістан даму картасын қайта қарады
Ауыл инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 120 ауылда жаңа жолдар салынып, ауыз су мәселесі толығымен шешілді. Сонымен қатар, өңірдің 100-ден астам ауылында газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, тұрғындардың тұрмыс сапасы жақсарды.
Адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Білім беру саласында 30-дан астам жаңа мектеп салынып, педагогтердің біліктілігін арттыру бағдарламалары іске асырылды. Денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіліп, 10 медициналық мекеме пайдалануға берілді.
Жастарды қолдау мақсатында «Жастар рухы» бағдарламасы жүзеге асырылып, жас кәсіпкерлерге арналған 150-ден астам грант бөлінді. Сонымен қатар, өңірде жаңа спорт кешендері мен мәдени орталықтар ашылды.
Бір жыл ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны айтарлықтай жеделдеп, өңірдің болашақтағы тұрақты дамуы үшін берік іргетас қаланды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында қолға алынған, атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстар төңірегінде сұхбат берген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

