Жуырда боксшы Жанқош Тұраровтың «қыз зорлады» деген айыппен басы дауға қалды. Бүгін боксшының адвокаты Самат Мамұтов баспасөз конференциясын өткізіп, мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Адвокат боксшы мен оны айыптаған қыз әлеуметтік желілер арқылы таныс екенін растады.
«Қазір бірнеше нұсқаны қарастырып жатырмыз: олардың бірі — ауру немесе психикалық ауытқу, екіншісі — хайп, танымал болу немесе біреудің тапсырысы», — дейді ол.
Спортшының қорғаушысы айтылып жатқан ақпарат өтірік екенін мәлімдеді. Ал Жанқош Тұраровтың өзі Алматыда журналистерге арналған баспасөз конференциясында болған жоқ.
«Жанқоштың жағынан ондай ешқандай әрекет жасалмаған (Әнарудың отбасына хабарласып, арызды алып тастауды өтінбеген — еск.). Жанқош арыз бойынша (бәрін — еск.) жалған деп есептейді. Өзін тазамын деп есептейді. Кешірім сұрап немесе арызын алып тастау туралы өтініш жасауға ешқандай негіз жоқ», — деді адвокат.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желіде танымал қазақстандық боксшы Жанкош Тұраров «қыз зорлады» деген ақпарат тарап кетті. Мәселеге Алматы полициясы пікір білдірді.
Полицияның мәліметінше, Алматы қаласы Әуезов ауданының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғаған.
«Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жалғасып жатыр», — деп жазылған хабарлама.