Түркістан облысында «RESPUBLICA» партиясының өңірлік филиалында Өңірлік кеңес пен ReWomen іскер әйелдер қауымдастығының бірлескен отырысы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға облыстық партия филиалының төрағасы Бекжан Айтқұлов жетекшілік етті. Іс-шараға Өңірлік кеңес мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, кәсіпкерлер мен белсенді партия мүшелері қатысты.
Кездесу барысында Республика күні қарсаңында партия мүшелерінің бірлігі мен ел дамуына қосқан үлесі атап өтілді. Белсенді мүшелерге партия төрағасы Айдарбек Асанұлының атынан Алғыс хаттар табысталып, мерекелік құттықтаулар айтылды.
Бекжан Айтқұлов өз сөзінде партияның алдағы кезеңдегі негізгі бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, ұйым алдында тұрған басты міндеттердің бірі – партия құрамын сандық әрі сапалық тұрғыдан күшейту.
Сондай-ақ кадрлық резерв қалыптастыру, партия мүшелерінің қоғамдық белсенділігін арттыру және өңірлердегі бастамаларды қолдау мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Жиында қараша айында Түркістан қаласында өтетін Республикалық іскер әйелдер форумына дайындық барысы да талқыланды. Ұйымдастыру жұмыстары мен негізгі бағыттар пысықталды.
Кездесу соңында қатысушылар Республика күнімен бір-бірін құттықтап, ел дамуы жолында бірлесіп жұмыс істеудің маңызын атап өтті.
Партия өкілдерінің пікірінше, мұндай кездесулер ұйымның ішкі бірлігін нығайтып, жаңа бастамаларды іске асыруға серпін береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







