Экс-министр Қуандық Бишімбаев ісімен аты шыққан Қызылордадағы шыны зауытының қазіргі жай-күйі белгілі болды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Премьер-министр Олжас Бектеновтың Қызылорда өңіріне сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев шыны зауытының өндірістік нәтижелерімен таныстырды.
Оның айтуынша, зауыттың іске қосылуы аймақ экономикасының дамуына айрықша серпін берген. Қазір кәсіпорында шыны кластерін қалыптастыру жұмыстары жүріп жатыр.
«Зауыт ашылғалы бері жалпы құны 27,3 млрд теңге болатын 20,8 млн шаршы метр шыны шығарды. Сондай-ақ кәсіпорын биыл өз есебінен жаңа өндірістік желіні іске қосып, жылына 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны шығара бастады. Бұл жобаның құны – 15 млн доллар», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жалпы алғанда, Қызылорда облысында 2024-2028 жылдар аралығында 1,1 трлн теңгені құрайтын 76 инвестициялық жоба жүзеге асып, 8,4 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Биылдың өзінде өңірде жалпы сомасы 32,4 млрд теңге болатын 15 жоба іске қосылмақ.
Контекст
Еске сала кетейік, Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаев бірнеше жыл бұрын осы шыны зауытының құрылысы кезінде бюджеттен 1,2 млрд теңгені заңсыз жымқырды деген айыппен сотталған болатын. Сотта прокурорлар экс-министрдің қылмыстық схеманың ұйымдастырушысы болғанын айтқан еді.

