Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Әлмира Нұрлыбекова бұған дейін басқа адамдардың атына рәсімделген компанияларын өзіне қайтаруды бастады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
71 жастағы кәсіпкер әйел жақында Sapa Logistics компаниясындағы құрылтайшылық үлесін қайта иеленді. Компаниялар тізіліміндегі ақпаратқа сай, қазір Sapa Logistics ЖШС-нің иелері ретінде Әлмира Нұрлыбековадан бөлек, оның туысы Қарлығаш Әділова мен 2018 жылдан бері директор қызметін атқарып жүрген Арман Досмағамбетов көрсетілген.
Нұрлыбекова бұл компанияның негізін қалаушылардың бірі болғанымен, Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты дау ушыққан тұста, өз үлесін Қарлығаш Әділоваға рәсімдеп жіберген еді.
Sapa Logistics Бишімбаевтар отбасына тиесілі ірі кәсіпорындардың бірі. Компания қойма логистикасы қызметін көрсетеді. Ресми деректерге сәйкес, мекеме 2015 жылдан бері мемлекетке шамамен 900 миллион теңге салық төлеген. Компанияның клиенттер тізімінде Coca-Cola, Herbalife, Pony Express, Schneider Electric, «Сұлтан» сынды ірі брендтер бар.
Кеңесшінің құзіреті қандай?
Айта кету керек, Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованың қазасына қатысты алғашқы сот процесінде осы Sapa Logistics компаниясында кеңесші ретінде жұмыс істейтінін айтқан болатын.
Әлмира Нұрлыбекова тергеу кезінде бірнеше кәсіпорындағы үлесін басқа адамдарға ауыстырып, кейбірінен бас тартқан еді. Мәселен, биылғы 14 наурызда BAU мейрамханасын басқаратын Ezy Park ЖШС-нің құрылтайшылар қатарынан шықты. Қазіргі таңда компанияның иелері ретінде Азамат Ахметжанов, Сержан Мәдев, Қайрат Мәлік және Ғалима Шаханова тіркелген.
Сонымен бірге, биылғы сәуір айында Әлмира Нұрлыбекова «Наубет-II» компаниясындағы басшылық қызметін де тоқтатқан.
Құжаттарға қарағанда, Нұрлыбекова бұдан бөлек «Шу» техникалық лицейіне және Астанада орналасқан Success ABN ЖШС-не де иелік етеді.
Бұған дейін біз Бишімбаевтың ата-анасынан «үкімді жеңілдетемін» деп 100 миллион теңге сұраған әйелдің кім екенін анықтаған едік.

