Қуандық Бишімбаевтың адвокаты сотталушының ата-анасынан «үкімді жеңілдетемін» деп 100 миллион теңге сұраған әйелдің кім екенін айтты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Адвокаттың сөзінше, алаяқ әйел ұзақ уақыт бойы Бишімбаевтың туыстары мен қорғаушыларына тыным бермеген.
«Ол бірнеше рет байланысқа шығып, үкімді жеңілдететін ықпалды адамдармен байланысы бар екенін айтқан. Біз оны бұғаттап тастадық.
Бірақ ол Бишімбаевтың ата-анасының үйін тауып алып, тіпті баласымен келіп, сөйлесуге әрекеттенген. Сол кезде 100 миллион теңге берсек, үкімді жеңілдетуге көмектесетінін айтты.
Осы оқиғадан соң біз бірден сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарластық», – дейді адвокат Ғазымжанов ZTB порталына берген сұхбатында.
Операция қалай өтті?
Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Бишімбаевтың отбасы бірлесіп әрекет етіп, әйел адам муляж ақшаны алып жатқан жерінен ұсталған.
«Қазір ол әйел қамауда отыр. Ақша бергеніміз жоқ, өйткені Бишімбаевтың ата-анасында ондай қаражат жоқ. Әйел біз берген муляжды алған кезде ұсталды», – дейді Ерлан Ғазымжанов.
Айта кетейік, бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қуандық Бишімбаевтың туыстарының арызы бойынша елорда тұрғыны «Г»-ға қатысты тергеуді бастаған болатын. Ол сот үкімін жеңілдету мақсатында Бишімбаевтың отбасынан 100 миллион теңге талап еткені үшін айыпталуда. Қазір күдіктіге қатысты басқа да алаяқтық әрекеттер тексеріліп жатыр. Сот шешімімен күдікті әйел қамауға алынды.
Айта кетелік, бұған Бишімбаевтың бұрынғы әйелі сотқа жүгінген болатын. Мақсат экс-шендіні ата-ана құқынан айыру.

