Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиев елге орала салысымен ішкі істердің тергеу басқармасына шақырылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қырғызстандық БАҚ таратқан ақпаратқа сәйкес, Тәшиев ведомствоға екі бірдей қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде жауап беруге шақырылған. Ол тергеушінің алдына адвокатымен бірге кірген.
Kaktus.media сайтының жазуынша, Тәшиев дәл бүгін Қырғызстанға ұшып келген бойда құқық қорғаушылар оны бірден ІІМ ғимаратына жеткізген.
Әзірге тергеу амалдары қандай істерге байланысты жүргізіліп жатқаны жарияланған жоқ. Алайда өткен аптада Қамшыбек Тәшиевтің туған інісі де ішкі істер министрлігінде тергеуге алынған болатын. Тергеуден кейін ол босатылғанымен, көп ұзамай депутаттық өкілеттігі тоқтатылды.
Контекст
Айта кетейік, бұған дейін ел президенті Садыр Жапаров Қамшыбек Тәшиевті ҰҚМК төрағасы әрі министрлер кабинетінің төраға орынбасары қызметінен босатқан еді. Өзінің қызметтен алынуын күтпегенін айтқан Тәшиевтің ел аумағынан шығып кеткені де белгілі болған.
Президент Жапаров кейіннен Тәшиевтің енді ешқашан мемлекеттік қызметке оралмайтынын ашық мәлімдеп, елді солтүстік пен оңтүстікке бөлгісі келетіндерге жол бермейтінін, мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс болса қатаң тосқауыл қоятынын ескерткен.
Қазір ҰҚМК-ға жаңа басшы тағайындалған, ал Бішкектегі саяси ахуалға қатысты түрлі болжамдар айтылуда.
«Тәшиевке қатысты тергеу амалдары алдағы уақытта биліктегі ықпалды тұлғалар арасындағы жасырын тартыстың бетпердесін ашуы ықтимал», — дейді осы тұста сарапшы Нұрлан Жұмахан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







