«Ertenmedia» парақшасында жарияланған «Шымкентте бір топ компания миллиардтық тендерді кезекпен ұтып жүр…» атты материалға «Ақ Ордасы корпорациясы» ЖШС ресми түрде жауап қайтарды.
Компания бас директоры Б.Калибековтің мәлімдеуінше, мақаладағы келтірілген деректер шындыққа жанаспайды әрі компанияның іскерлік беделіне нұқсан келтіреді.
Біріншіден, компания тендерлік конкурстардың жабық емес, ашық әрі нақты ережелер бойынша өтетінін атап өтті. Мемлекеттік сатып алулар порталының ережесіне сәйкес, тендерге қатысушы компаниялар 10 жылдық тәжірибесі бар екенін растайтын құжаттарды өткізу арқылы тиісті балл жинайды.
Байқаудың жеңімпазы осы балл жүйесі бойынша автоматты түрде анықталады, ешқандай сыртқы әсер ету мүмкін емес.
Екіншіден, мақалада айтылғандай, «бірдей компаниялардың қатысуы» кездейсоқ болуы мүмкін. Компания өкілдері конкурстардың ашық екендігін және кез келген құрылыс компаниясы өз еркімен қатыса алатынын атап өткен.
Үшіншіден, «Ақ Ордасы корпорациясы» ЖШС мен «Real Stroy Invest» ЖШС-нің тендерде кезектесіп жеңімпаз атануы туралы тұжырым да шындыққа сәйкес емес деп санайды.
Өйткені конкурста жеңіс нақты жинаған балл көрсеткішіне байланысты. Әр компания әрбір жаңа конкурсқа тәуелсіз түрде қатысып, өзінің жинаған балы бойынша жеңімпаз анықталады.
Осыған қоса, компания басшылығы «Real Stroy Invest» ЖШС-нің кімге тиесілі екенін және оның тіркеу орнын білмейтінін мәлімдеді.
«Ақ Ордасы корпорациясы» ЖШС 2006 жылдан бері құрылыс саласында жұмыс істеп келеді. Компания басшылығы өздерінің тұрғын үй, әлеуметтік нысандар құрылысы, мектептер мен ауруханалар, балабақшалар салудағы тәжірибесі зор екенін айтады.
Сонымен қатар, компания басшылығы өзіне жала жабуға жол бермейтінін және мақаладағы жалған мәліметтерді теріске шығаруды талап ететінін жеткізді. Керісінше жағдайда, заң аясында сот органдарына жүгінуге мәжбүр болатынын ескертті.
Компанияның мәлімдемесіне сүйенсек, аталған мақалада көрсетілген тұжырымдар тексерілмей әрі негізсіз жарияланған және бұл компанияның нарықтағы абыройына кері әсер етеді деп есептейді.
Осы ретте Ertenmedia бұған дейін аталған компанияға қатысты материалды теріске шығаратынын хабарлайды.