Жуырда әлеуметтік желіде дәрігер Жасұлан Темірбайдың «Болашақ» бағдарламасына қатысты жазбасы қызу талқыға түсті. Оның айтуынша, сұхбат барысында комиссия мүшелерінің бірі «Сіз (орысша) акцентпен сөйлейсіз, Қазақстанды ұятқа қалдырасыз» деп мәлімдеген.
Алайда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «бізде барлық дәлел бар» деп отыр, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Шенеуніктің сөзінше, «Болашаққа «тапсырған үміткердің мәлімдемесі шындыққа жанаспайды.
«Неге десеңіз, бізде екі сатымен өтеді. Бірінші сатыда тест тапсырады. Екінші сатыда тәуелсіз сарапшылар комиссиясымен сұхбат ретінде жүргізіледі. Бірнеше жылдан бері бүкіл сұхбат видеоға жазылады. Біз осы мәселені бірден қолға алдық. Видеоны қарағанда ондай сұрақтар сұралған жоқ. Бүгін бұл видео жарияланады. Неге бірден жариялаған жоқпыз? Сарапшылардан рұқсат алу керек еді. Ресми түрде. Олардың да құқығы ескерілуі керек. Жаңа жылдық мейрам болғаннан кейін олар енді шығып, рұқсаттарын алып, жариялайтын боламыз. …Өкінішке қарай, қоғамымызда хайп өте көп. Конкурстық рәсімдер, басқа жерлерде де мейлінше цифрлық формат және видеожазба ретінде жүргізіп жатырмыз. Ғылым саласында да барлығы видеотіркегіште жазылады. Сондықтан кез келген мәселені, кез келген сұрақты дәлелдеуге болады», — деді министр Үкіметтің баспасөз конференциясында.
Жасұлан Темірбайдың кейсі
Жасұлан Темірбай – спорт-медицина саласының маманы. Ол бағдарламаның биылғы іріктеуіне қатысып, білімін шетелде жетілдіруді көздеген. Алайда сұхбаттасу кезеңінен өте алмаған. Оның топшылауынша, сәтсіздіктің басты себебі – орыс тілі.
«Сұхбаттасу кезінде қай тілде сұрақ қойса, сол тілде жауап беру қажет. Менің сұхбатым 90% орысша өтті. Әлбетте, бұл менің ана тілім емес. Кішігірім кемшіліктердің, қателіктердің болуы заңды. Дейтұрғанмен, өз басым орыс тілін жеткілікті деңгейде меңгергенмін деп есептеймін. Ең бастысы ғылыми мақалаларды оқып, түсініп, керекті деңгейде тәржімалай аламын. Алайда комиссия мүшесі маған: «Вы разговариваете на русском с акцентом. Вы будете позорить Казахстан» деп айтып салды», — деген Жасұлан Темірбайдың жазбасы ErtenMedia.kz-ның назарына іліккен еді.
ErtenMedia анықтамасы:
«Болашақ» бағдарламасы 1993 жылы дарынды жастарды шетелде оқыту мақсатында құрылған. Бағдарлама арқылы мыңдаған қазақстандық білім алды. Алайда соңғы жылдары бағдарламаға қатысты сын-пікірлер көбейді. Қоғамда бұл бастаманың эмиграция құралына айналғаны туралы пікірлер бар.
2024 жылы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақ» бағдарламасының 200-ден астам түлегі шетелде қалып қойғанын және мемлекетке 1,9 миллиард теңге қайтарылғанын мәлімдеді. Ал 30 жыл ішінде 270 түлек елге оралмағаны белгілі болды.