Жарнама жасауға бойы үйренген блогерлер желіде тағы шағымданып жатыр. Олар Қаржы министрлігінің бастамасына наразы. Бартермен алынған астың салығы қалай есептелмек деп бас қатырған олар «заңды негізсіз» дейді. Ал комитет өкілі жарнама табыс көзі, сондықтан оған да салық салынуға тиіс деп отыр, — деп хабарлайды ErtenMedia «КТК» телеарнасына сілтеп.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәлімдесінен кейін желіде осындай видеолар қаптап кеткен. Көбі жарнамаға келген дүниені табыс көзіне теңеу дұрыс емес дейді.
Қаржы министрлігі «мейрамаханадағы ас болсын, азық-түлік, киім-кешек болсын, бартер арқылы келген заттың бәрі кіріс ретінде қаралады», — дейді. Сондықтан одан мемлекетке қаржы түсуге тиіс екен.
«Бартер — ақшаны пайдаланбай, жарнамаға тауар мен қызмет алу. Мысалы, блогер желіде мейрамхананы жарнамалап, оның орнына кешкі ас ішеді. Бұл жағдайда кешкі ас блогердің табысы болады және ол осы табыстан жеке табыс салығын төлеуі керек», — деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті жеке кірістерді әкімшілендіру департаментінің басшысы Дина Құсайынова.
Сарапшылардың пікірінше, тегін дүниеге салық салу дұрыс. Бірақ бұл іс жүзінде оңай емес. «Өйткені бартерге бақылау жүргізу қиын», — дейді салық маманы.
«Бартерді алдын ала екіжақты келісімшартпен жасаған дұрыс. Сол арқылы қадағалайды. Бірақ оған көбі келіспейді. Бартерге салық салу заңды, бірақ оны ұсақ-түйек сомада дәлелдеу қиын. Негізі бартер салығынан бюджет түсімі артады деп айта алмаймын», — деді салық сарапшысы Айдар Масатбаев.